Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, қазіргі таңда халықты жұмыспен қамту саласында кешенді шаралар қабылданып отыр. Соның ішінде қысқа мерзімді оқыту, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстарға тарту және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету сияқты бағыттар бар.
Жәрмеңкенің қорытындысы да нәтижелі деп айтуға болады. Іс-шара қорытындысында 80-нен астам азаматқа ақпараттық буклеттер таратылып, жұмыспен қамту шаралары туралы толық мәлімет берілді. Сонымен қатар: 38 тұрғынға «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы орнатылып, онлайн оқу мен тіркелу жолдары көрсетілді;
40-тан астам азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді;
олардың 36-сы тұрақты жұмысқа орналасты;
7 азамат жастар практикасына жолданды;
4 азамат қоғамдық жұмысқа жіберілді;
14 азамат қысқа мерзімді оқуға бағытталды.
Бұл көрсеткіштің өзі жәрмеңкенің нақты нәтижесін көрсетеді. Әсіресе жастардың жұмысқа орналасуы – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың басты кепілі.
Әлеуметтік маңызы зор мұндай іс-шаралар қала тұрғындарының арасында оңды нәтиже көрсетуде.
Мұндай жәрмеңкелердің маңызы тек бос жұмыс орнына орналастырумен шектелмейді. Ол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, жастардың белсенділігін арттыруға, еңбек мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сонымен бірге азаматтар еңбек нарығында өздеріне қажетті бағытты анықтап, кәсіби даму жолын таңдауға мүмкіндік алады. Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары арқылы жаңа кәсіп меңгеріп, еңбекке араласуға жол ашылады.
Жәрмеңке барысында айтылған тағы бір маңызды ой – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру қажеттілігі. Өйткені ел экономикасының негізін ұстап тұрған да осы сала мамандары.
Айта кету керек, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөніндегі ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты түрде насихатталуда. Бұл қадам қоғамның кең ауқымын қамтып, еңбекке ынталы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер береді.
Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың нақты көрінісі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылып жатқан мұндай іс-шаралар елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастардың белсенділігін арттыруға жол ашады.
Жәрмеңке нәтижесінде ондаған азамат тұрақты жұмысқа орналасып, тағы біразы оқуға жіберілді. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің жемісі.
Comments