Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы – Өңірлік инфекциялық аурухана жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен ұстаздарды балалар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу шараларына ерекше мән беруге шақырады.
Жаңа оқу жылының басталуы – білім беру саласының маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар балалар денсаулығына қауіп төндіретін күрделі эпидемиологиялық жағдайлар жиі кездесетін уақыт. Мектепке және мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалардың ұжымдық ортада тығыз қарым-қатынаста болуы – түрлі жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызады.
Жұқпалы аурулар – адамзат тарихында ең көп зардап әкелген, қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі әсер еткен дерттердің бірі. Қазіргі таңда да бұл аурулардың алдын алу, дер кезінде анықтау және тиімді ем жүргізу – денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдықтарының бірі болып қала беруде.
Осы ретте Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы тек қаланың ғана емес, бүкіл Түркістан облысының жұқпалы аурулармен күресудегі сенімді тірегіне айналып отыр. Қазіргі таңда ауруханаға денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы, тәжірибелі дәрігер-инфекционист, жоғары санатты маман Ережепов Бақтығали Аюбайұлы басшылық етеді. Оның жетекшілігімен мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, халықаралық стандарттарға сай заманауи диагностикалық және емдеу әдістері енгізілді. Бақтығали Аюбайұлының айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мен білім беру мекемелері инфекциялық аурулардың алдын алуға ерекше назар аударуға тиіс.
«Бұл – тек әр баланың жеке денсаулығы ғана емес, жалпы қоғамның денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы үшін де маңызды. Әрбір ата-ана баласының жағдайына мұқият болуы қажет. Егер балада ЖРВИ, ішек инфекциясы немесе өзге де жұқпалы ауру белгілері байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға апармай, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Ауруды ерте анықтап, уақытылы ем жүргізу – жұқпалы індеттердің таралуын тоқтатуда шешуші рөл атқарады», -дейді Б. Ережепов.
Балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы аурулар қатарына жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмау жатады.
Бұлар күз-қыс маусымында ең жиі тіркелетін аурулар тобы. Қоздырғыштары – тұмау вирусы, парагрипп, аденовирус және риновирус. Белгілері – дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, бас ауруы, жалпы әлсіздік. Асқыну жағдайында бронхит, пневмония, отит дамуы мүмкін. Алдын алу шаралары: жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцинация, жеке гигиена және санитарлық талаптарды сақтау.
Comments