Мәдениет

Шымкентте театрлар зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер ұсынады

Шымкент қаласында мәдениет пен өнерді қолдау, сондай-ақ қарттарға қамқорлық көрсету мақсатында игі бастама жүзеге асырылуда. Қала әкімдігі аппаратының басшысы Е. Сейтеновтің зейнеткерлер үшін мәдени және спорттық нысандарға жеңілдіктер беру туралы хаттамасына сәйкес, бүгінде шаһардағы театрлар аға буын өкілдеріне ерекше қолдау танытып отыр. Бұл бастама қаламыздың мәдени өмірін одан әрі жандандырып қана қоймай, зейнет жасындағы азаматтардың қоғаммен тығыз араласуына, рухани және мәдени демалысына мол мүмкіндік бермек.

Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты барлық өнер ордалары аталған шешімді жүзеге асыруға белсенді қатысып, арнайы жеңілдіктер жүйесін енгізді. Енді қаламыздың әрбір зейнеткері өздерінің мәдени өмірін байытып, өнер әлеміне еркін қадам баса алады. Ол үшін тек театрға барар кезде зейнеткерлік мәртебесін айқындайтын кітапшасын көрсету жеткілікті.

Жеңілдіктердің ауқымы әр театрда әртүрлі:

Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры – айына бір реттік көрсетілімге, сондай-ақ премьералар мен кез келген қойылымдарға бару кезінде зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырған. Бұл бастама қарт көрермендердің көңілін көтеріп, күнделікті өміріне қуаныш сыйлауға бағытталған.

Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры – қаланың ең беделді өнер ордаларының бірі зейнеткерлерге және ардагерлерге ерекше жағдай жасауда. Мұнда премьерадан өзге барлық кешкі қойылымдарға кіру зейнеткерлер үшін тегін. Яғни, олар қазақ драматургиясының үздік туындыларын ешқандай төлемсіз тамашалай алады. Бұл – аға буынға көрсетілген зор құрметтің белгісі.

Шымкент жастар театры – мәдениет саласында жаңа серпін беріп жүрген жас театр да зейнеткерлерді назардан тыс қалдырған жоқ. Мұнда да премьералар мен қойылымдарға кіру үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Бұл қарт көрермендердің жас әртістердің өнерін тамашалап, жаңа шығармаларға куә болуына мүмкіндік береді.

Шымкент қалалық опера және балет театры – әлемдік классика мен ұлттық өнерді тоғыстырып келе жатқан бұл өнер ордасы зейнеткерлерге және ардагерлерге үлкен қамқорлық көрсетіп отыр. Театрда премьералар мен кешкі қойылымдарға билеттердің бағасы 50 пайызға төмендетілген. Бұл зейнет жасындағы азаматтарға жоғары деңгейдегі мәдени кештерге жиі қатысуға жол ашады.

ШЫМКЕНТ: КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Алдыңғы

ТАЗАЛЫҚ КҮНІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗДЕГЕН ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *