Бүгінгі цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы қоғамға үлкен мүмкіндіктер сыйлағанымен, сонымен қатар жаңа қауіптерді де тудырып отыр. Қазіргі таңда алаяқтық іс-әрекетпен күнделікті кездесіп қалып жатамыз. Ал, сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік құрылымдар мен қаржы секторына бағытталған кибершабуылдар жылдан-жылға артып келеді. Зиянкестер жасанды интеллектіні пайдалана отырып, шабуылдарын автоматтандырып, ауқымын кеңейте бастаған. Сондықтан киберқауіпсіздікке кешенді әрі жүйелі түрде қарау – уақыт талабы.
Осы өзекті мәселелер бүгін “Shymkent Hub” орталығында өткен «Цифрлық қауіпсіздік және сауаттылық» тақырыбындағы форумда талқыланды. Жиынға ІТ мамандар, стартап өкілдері және жастар қатысты. Шара барысында қатысушыларға заманауи қауіптен қорғану жолдары мен жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.
– Қазір әрбір азамат банк картасын пайдаланады, интернет арқылы сауда жасайды, түрлі қосымшаларға жеке мәліметтерін енгізеді. Осындай кезде қауіпсіздікті сақтамау үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Қазір тіпті чат GPT кеңістігіне жеке мәліметтерді жіберу немесе мекеме құжаттарын жіберіп, бір шешім табу белең алып барады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – тек ІТ мамандардың емес, бүкіл халықтың міндеті болуы тиіс, – дейді хабтың резиденті Самал Райымжан.
Форум барысында жас мамандар жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қатерлерге қарсы тұрудың жолдарын ұсынып, азаматтарды киберқауіпсіздікті күшейтуге шақырды.
Жастардың рөлі қандай болмақ?
Форумға қатысқан жастар өз ұсыныстарын ортаға салып, жаңа заманғы қатерлерге қарсы тұру үшін арнайы оқыту бағдарламаларын, мектептер мен жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған пәндер енгізудің қажеттілігін айтты.
Олардың пікірінше, балалар ерте жастан бастап интернеттің қауіптері туралы білуі тиіс. Өйткені виртуалды кеңістікте ең көп уақыт өткізетін де – жастар. Қорыта айтқанда, “Shymkent Hub” алаңында өткен форум – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды мәселелерді қозғаған игі бастама болды. Цифрландыру дәуірінде ақпаратты сақтау, жеке деректерді қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір азаматтың жауапкершілігіне айналуы тиіс.
Мамандардың айтуынша, цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы біз киберқылмыскерлердің әрекеттерін шектеп қана қоймай, қоғамның тұрақты дамуына да жол ашамыз. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың игілігін көру үшін оларды дұрыс пайдалану, қауіптерге қарсы дайын болу – уақыттың талабы.
Comments