Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков аудан аумағындағы бірқатар нысандардың жағдайымен танысты. Әкімнің алғашқы тексерісі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан асфальт қабатын жаңарту жұмыстарына арналды. Жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы – аудан тұрғындары үшін ең басты мәселелердің бірі. Өйткені, сапалы жол тек жүріп-тұруды жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың қоғамдық көлікпен қатынау және қалааралық тасымалдар үшін де маңызды. Сондықтан, мердігер мекемелерге жұмысты сапалы атқару және жұмыстың белгіленген мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы гүлзарлар мен демалыс орындарының жалпы жағдайын тексеру мақсатында әкім осы орындарға арнайы барып көрді. Тазалық, көгалдардың күтімі, балаларға арналған ойын элементтерінің жарамдылығы сияқты маңызды мәселелер жіті назарға алынды. Әрбір қоғамдық орынның тұрғындарға сапалы демалыс пен қолайлы орта ұсынуы маңызды. Белгілі болған кемшіліктерді жою бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар жүктелді, сонымен қатар, жақын арада барлық кемшіліктердің шешімі табылып, тұрғындардың қажеті үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Қазіргі таңда аудан аумағында салынып жатқан жаңа гүлзар құрылысымен танысқан әкім, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлді. Бұл жаңа нысан, өз кезегінде, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және ауданның көркін арттыруға ықпал ететін болады. Құрылыс барысы мен материалдардың сапасы үнемі бақылауда ұсталып, тиісті мекемелерге құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі талапқа сай аяқтау міндеттелді. Жаңа қоғамдық орындар мен саябақтар тұрғындардың демалуы үшін жайлы әрі қаланың экологиялық жағдайын жақсартатын орындарға айналады деп күтілуде.
Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар үшін қолайлы, таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Қаланың тазалығын сақтап, қоғамға қажетті орындарды жақсарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар үнемі бақылауда болып, жүйелі түрде жалғасын табады. Осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігі мен нәтижесі — қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және қоғамдық тәртіптің нығаюына оң әсерін тигізетін болады.
Comments