Бүгін еліміздің барлық білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Осы қуанышты да маңызды оқиға Әл-Фараби ауданындағы №148 «Келешек» мектебінде салтанатты түрде аталып өтті. Бұл мектептің ашылуы – еліміздің білім жүйесіне жаңа серпін мен жаңашылдық әкелетін маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген бұл білім ордасы бүгінгі таңда 1000-ға жуық оқушыға сапалы білім мен тәрбие беруде. Жайлы мектеп – тек ғимараттың сәні мен ішкі жабдықталуы ғана емес, сонымен қатар, оқушылардың рухани және дене шынықтыру жағынан толық дамуына жағдай жасайтын білім мекемесі.
Заманауи үлгіде салынған мектеп жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол аша отырып, сапалы білім алу мен саналы тәрбие алу үшін кең мүмкіндік туғызуда. Бұл мектептің инновациялық технологияларды қолдану арқылы білім беру процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталғанын атап өту керек. Мұнда балалардың тек оқулық материалдарын меңгеріп қана қоймай, шығармашылық және ғылыми ізденістерін дамытуға да толық мүмкіндік бар.
Алғашқы қоңырау – жаңа бастамалардың, тың ізденістер мен үлкен жетістіктердің бастауы болып табылады. Бұл күн тек оқушылар үшін ғана емес, ұстаздар қауымы үшін де ерекше маңызды. Ұстаздар үшін бұл күні шабыт пен жаңа құштарлық оянады, ал оқушылар үшін жаңа арман-мақсаттарға жол ашылады. Әрбір оқу жылының басы – жаңа мүмкіндіктер мен үміттерге толы кезең, әрі білім жолындағы жаңа табыстар мен жетістіктердің негізі болады.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар!
Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа оқу жылы әрбір шәкіртке білім мен тәрбиенің биігін бағындыруға жол ашып, әрқайсыңызға толайым табыстар мен сәттіліктер әкелсін! Оқушыларға жоғары жетістіктер мен шығармашылық табыстар, ұстаздарға мықты денсаулық пен шабыт, ата-аналарға – балаларының жетістіктеріне қуаныш тілейміз. Баршаңызға жаңа оқу жылы құтты болсын, әрі сәттілік тілейміз!
Comments