Кентау қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында 8-11 сынып оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл шара қала әкімдігі мен білім бөлімі тарапынан жүргізіліп жатқан балалардың құқықтық және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, қаланың аға прокуроры Бақберген Абилкасимов, ІІБ ЖПҚб УПИ полиция майоры Жанболат Ахметов, білім бөлімінің әдіскері Нурипа Күзенбаева қатысып, оқушылармен қажетті ақпараттармен бөлісті. Құқық қорғау органдары мен білім беру саласының мамандары жастарды заң бұзушылықтардың алдын алу шараларымен таныстырып, олардың жауапкершіліктері мен құқықтары жайлы түсінік берді.
Кездесудің негізгі мақсаты – балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың әлеуметтік және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мінез-құлқындағы ауытқушылықтарды ерте анықтап, оларды түзету үшін қажетті шараларды қабылдау. Әсіресе, жасөспірімдердің әлеуметтік, психологиялық мәселелерін шешу арқылы олардың өмір сапасын жақсарту көзделеді.
Бұл мақсатқа жету үшін балаларға құқықтық тәртіпті түсіндіру, оларды дұрыс тәрбиелеу, әлеуметтендіру және психологиялық көмек көрсету жұмыстары жүргізілетіндігі айтылды. Сондай-ақ, оқушылардың заңға қарсы әрекеттері мен әлеуметтік желілер арқылы теріс ақпараттардың таралуы, сондай-ақ интернет алаяқтықтары мен қаржылық пирамидалар сияқты қауіпті жағдайлардан қорғану жолдары туралы кеңестер берілді.
Қазіргі таңда қоғамда жалған ақпарат пен бұқаралық сананы манипуляциялау көп таралған мәселеге айналып отыр. Балалар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын күшейту аса маңызды. Сонымен қатар, лудоманияның (құмар ойындарға тәуелділік) және қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу, жастардың психоәлеуметтік денсаулығын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе, жасөспірімдердің теріс әрекеттері мен әлеуметтік стресстерді азайту мақсатында түрлі профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Жиын барысында мектеп басшыларына, ата-аналар мен мұғалімдерге өз-өзін бақылау мен балалардың психологиялық жай-күйіне көбірек назар аудару қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, балалардың заңды құқығын қорғау, оларды әр түрлі зиянды әрекеттерден қорғау үшін цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру да маңызды екенін айта кеткен жөн.
Құқық қорғаушылар мен педагогтар балалардың өмірінде қолайлы ортаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, олардың саналы түрде өмір сүруге, қоғамдағы өз орнын табуға және өздеріне қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.
Comments