Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны туралы мәлімдемесі аясында Ордабасы ауданындағы №18 колледжде маңызды дөңгелек үстел өтті. Бұл шара колледж басшылығының ұйымдастыруымен, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен аудандық Мансап орталығының өкілдері, сондай-ақ қала мен аудан кәсіпкерлері мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен жүзеге асырылды.
Шараның негізгі мақсаты – еңбек нарығында жұмысшы мамандықтары бойынша қажеттілікті анықтап, жас түлектерді жұмысқа орналастырудың тиімді жолдарын қарастыру болды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың саны артып, әсіресе кәсіпорындар мен өндірістік салалар үшін білікті жұмысшы мамандардың тапшылығы сезілуде. Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарды жұмысқа тарту, олардың кәсіби біліктіліктерін арттыру және осы бағытта мемлекет тарапынан ұсынылатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет екені атап өтілді.
Дөңгелек үстел барысында Мансап орталығының еңбек ресурстарын мониторингілеу және болжау бөлімінің маманы Т. Қалиева мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат беріп, жұмыс берушілерді осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, субсидиялар жұмысшыларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жақсы мүмкіндік болып табылады, бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтарын дамытуға ықпал етеді.
Колледжбен бірлесе жұмыс жасауға дайын кәсіпкерлер өз тараптарынан ұсыныстарын білдіріп, еңбек нарығындағы мамандарға деген сұраныстарын жеткізді. Кәсіпкерлер атап өткеніндей, қазіргі уақытта кондитерлік цехтарға кондитерлер, өндірістік кооперативтерге ауыл шаруашылығы мамандары, сондай-ақ зауыттарға дәнекерлеушілер мен басқа да техникалық мамандар өте тапшы. Осы тұрғыда колледжбен ынтымақтастық орнатып, жас түлектерді кәсіпорындарға жұмысқа орналастырудың маңыздылығы көтерілді.
Шара соңында қатысушылар колледжбен әлеуметтік серіктестік орнату жөнінде келісімге келіп, осы бастамаларды жүзеге асыруда бірігіп жұмыс істей алатындарын жеткізді. Сонымен қатар, колледж басшылығы кәсіпкерлер мен Мансап орталығы өкілдеріне ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, алғыс хаттар табысталды.
Жалпы алғанда, бұл шараның негізгі мақсаты – жастарға жұмысшы мамандықтарымен таныстыру, олардың еңбек нарығына кірісуіне қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік серіктестікті нығайту болып табылады. Одан бөлек, дөңгелек үстел жастардың болашағына жол ашу мақсатында жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттап, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жағдай жасау үшін ұйымдастырылды.
Comments