Ордабасы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы өтті. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды. Сондай-ақ, іс-шараның өткізілуі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру жоспары бойынша ұйымдастырылды.
Ордабасы аудандық «Мансап орталығының» ғимаратында 2025 жылдың 4 қыркүйегінде сағат 10.00-11.00 аралығында өткен бұл шара тұрғындар мен мемлекеттік қызмет көрсетушілер арасында тиімді байланысты орнату және қызмет алушылардың сұрақтарына жауап беру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Ордабасы аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі қызметкерлері қатысты. Олар жылжымайтын мүлік, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кадастрлық есепке алу және басқа да маңызды мәселелер бойынша қызметтерді алушыларға қажетті кеңестер мен түсініктемелер берді.
Шара барысында қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын сала мамандарына қойып, заң талаптарына сәйкес толық әрі нақты жауаптар алды. Қызмет алушылар күні аясында жалпы 4 азаматқа тиісті кеңестер беріліп, олардың мәселелері бойынша шешімдер қабылданды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, тұрғындарға қызмет көрсету процесін ашық және қолжетімді ету, сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысын нығайту болды. Мұндай шаралар мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің қоғамға жақын болуын қамтамасыз етуге, әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға зор үлес қосады.
Comments