Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуына және цифрлық трансформация мәселелеріне тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы үш жылда жаппай цифрлық елге айналуы қажет.
– Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қоғамға, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен өмір салтына тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті.
Президент ең алдымен Цифрлық кодексті қабылдау қажеттігін айтты. Аталған құжатта цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректерді пайдалану және өзге де маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсынысын білдірді. Бұл министрлікті Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіндегі білікті маман басқаруы тиіс екені айтылды.
Comments