Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке инвестиция тарту жүйесін толықтай қайта қарау және нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Президенттің айтуынша, қазір жаһандық деңгейде инвестиция үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Осыған байланысты елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігі атап өтілді.
– Қазіргі таңда тартылып жатқан қаражаттың басым бөлігі шикізат секторына бағытталуда. Мұндай инвестиция да қажет, бірақ негізгі міндет – өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға және экономиканың әртараптандырылған бағыттарына инвестиция тарту. Үкімет бұл салаға басқаша көзқараспен қарауы тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы:
• ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен де жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін;
• инвестиция көлемі, мақсаты және бағыттары нақты айқындалуы керектігін;
• «инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сәйкес жасалуы тиіс екенін атап өтті.
Президент қазіргі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесін күрделі әрі бытыраңқы деп бағалап, артық қағазбастылық пен құзыреттердің қайталануын азайтуға шақырды.
– Инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-Министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Дегенмен елімізде бірде-бір мекеменің атауында «инвестиция» сөзі кездеспейді. Бұл бағыттағы жүйе нақты әрі айқын болуы тиіс. Сондықтан Премьер-Министр он күн ішінде нақты ұсыныс енгізуге міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке қысқа мерзім ішінде инвестиция тарту жүйесін жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Comments