Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөлімі мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері жоспарға сәйкес, Қазығұрт ауданының Қазығұрт ауылында Ешенқұл ата базарында және мешіттерде интернет алаяқтық қылмысына қарсы арнайы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырды.
Бұл шараның басты мақсаты – тұрғындарға интернет алаяқтықтың түрлі әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, алаяқтыққа ұшырамаудың жолдарын көрсету. Полиция қызметкерлері интернет алаяқтарының қолданатын әдістерін таныстырып, азаматтарға қалай қорғауға болатыны туралы кеңестер берді. Сонымен қатар, алаяқтықтан сақтану үшін қандай шаралар қолдану керек екенін, ақпараттық қауіпсіздік бойынша ұсыныстар мен ережелерді түсіндірді.
Ешенқұл ата базарында өткізілген түсіндірме жұмыстары барысында сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлер мен тұтынушыларға алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпарат берілді. Ал, жұма күні мешіттерде өткізілген кездесулерде жергілікті тұрғындарға интернет алаяқтықтың түрлері мен олардан қалай қорғану керектігі туралы айтылды.
Бұл іс-шаралар арқылы Қазығұрт ауданында интернет алаяқтықтан қорғау мақсатында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру көзделуде. Полиция қызметкерлері, сондай-ақ, тұрғындардың интернет арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық әрекеттерге қатысты заңдық талаптар мен ережелер туралы да толық мағлұмат берді.
Мұндай түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Оның негізгі мақсаты – халықтың интернет алаяқтыққа қарсы сақтық шараларын қабылдауға және өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасау.
Comments