Түркістан облысы полиция департаментінің Қазығұрт аудандық полиция бөлімі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараның негізгі мақсаты – тұрғындар мен көлік жүргізушілерінің экологиялық мәдениетін көтеру, сондай-ақ тазалықтың әр азаматтың міндеті екенін түсіндіру болды.
Полиция қызметкерлері қала көшелеріндегі және үй аулаларындағы тазалықты сақтаудың маңыздылығын айтып, тұрғындарға қоршаған ортаға немқұрайлы қарамау керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, олар кәсіпкерлік нысандардың, көше бойларындағы және қоғамдық орындардағы санитарлық жағдайға назар аударып, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қажет шаралар туралы кеңес берді.
Кездесулер барысында бірқатар азаматтарға экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ескерту жасалып, қажетті түсінік берілді. Сонымен қатар, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары негізінде хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды.
Тазалық – баршаға ортақ талап. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті сақтау ісінде ешкімнің бейжай қарауына жол берілмейді. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады деп атап өтті полиция бөлімінің қызметкерлері.
Comments