Қазығұрт ауданы бойынша балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен міндеттерін қорғау мақсатында профилактикалық шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің 2025 жылғы 20 мамырдағы №21 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, аудан аумағындағы әрбір ауыл округтерінде кәмелетке толмаған балалардың күндізгі, кешкі, түнгі мезгілде жүрген және жұмыс істейтін жерлердің арнайы «Ыстық нүктелер» картасы әзірленіп, олар бойынша шаралар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін арттыруға және олардың заңсыз әрекеттерге араласу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған.
Мәжіліске аудандық білім бөлімі мен әдіскерлер, сондай-ақ аудандық полиция қызметкерлері, Жастар ресурстық орталығы, ауыл әкімшілігінің жауапты мамандары, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Барлық тараптар бірлесіп, балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық орындарда болуы, олардың еңбек құқығы мен қауіпсіздігі бойынша үнемі бақылау жүргізу қажеттілігін атап өтті.
Рейдтік шаралар барысында жасы кәмелетке толмағандардың сауда орындары мен тойхана, кафелерде заңсыз еңбек етіп жүргені анықталды. Мұндай жағдайлар әдетте балалардың құқықтарының бұзылуына, олардың денсаулығына зиян келтіруге әкеледі. Ата-аналарына ескерту шаралары беріліп, күндізгі рейдтік жұмыстар барысында балалардың ауыр жұмысқа тартылуына себепкер еңбек берушілерге ескерту жасалды.
Профилактикалық жұмыстар барысында түнгі уақытта, яғни 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз жүрген жасы 18-ге толмаған жасөспірімдер назарға алынды. Бұл жасөспірімдер көбінесе жастар көп шоғырланатын орындарда, орталық және шеткі көшелерде жүреді, бұл олардың қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін. Рейдтік шаралар барысында бұл орындар тексеріліп, жасөспірімдердің түнде көшеде жүруіне жол бермеу үшін аталған жұмыстар жүргізілді.
Құқық қорғаушы органдар мен жергілікті билік өкілдері жастардың, әсіресе жасөспірімдер мен кәмелетке толмаған балалардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстар аудан көлемінде әрі қарай да жалғасады, өйткені әрбір жасөспірімнің құқықтық қорғалуы және қауіпсіздігі – қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін аса маңызды мәселе.
Құрметті ата-аналар! Өз балаңыздың қауіпсіздігіне жауапты екеніңізді ұмытпаңыз! Балалардың түнгі уақытта көшеде және ойын-сауық орындарында жүруіне қатысты заңды жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Яғни, әрбір ата-ана өз баласының қайда жүргенін, қандай орындарда болатынын бақылап отыруы қажет. Құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері бұл мәселелерді үнемі назарда ұстап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Түнгі уақытта балалар мен жасөспірімдер заңды өкілінсіз көшеде жүрмеуі керек, себебі бұл олардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Сонымен қатар, шомылу маусымы кезінде су айдындарында қауіпсіздікті сақтау мақсатында да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Бұл жұмыстар балалардың суға түсу кезінде сақтық шараларын ұстануына, судағы апаттар мен жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Балалардың қауіпсіздігі, олардың құқықтарының қорғалуы – әрбір ата-ананың, қоғамның ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз жас ұрпақты құқықтық тәртіпке баулып, олардың өміріне қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз.















Comments