Нашақорлық — әлем бойынша күрделі және шешілуі тиіс өзекті мәселе. Есірткіге тәуелділік тек адамның тағдырын бұзумен ғана шектелмейді, ол сондай-ақ отбасының, жақындарының өміріне де теріс әсер етеді. Әсіресе, бұл жағдай жастар арасында жиі байқалады. Көп жағдайда олар қызығушылықпен немесе еліктеушілікпен зиянды заттарды қолданып көріп, кейін солардың шырмауына түсіп, есірткіге тәуелді болып қалады. Ғаламтор мен әлеуметтік орта бұл процеске едәуір ықпал етеді.
Қазығұрт ауданында осы мәселеге ерекше назар аудару мақсатында Өнер мектебінің ғимаратында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған танымдық кездесу өткізілді. Шараға мамандар қатысып, зиянды заттардың адам ағзасына, психологиясына және қоғамға тигізетін зиянды әсерлері жайында кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар, бұл індетпен күресте қоғамның, отбасының және жастардың рөлі ерекше екені айтылды. Әрбір жас адамның есірткіден сақтануы тек өзіне ғана емес, қоғамға да жауапкершілік екенін түсінуі қажет.
Кездесу өте маңызды тәрбиелік мәнге ие болды. Мамандар жастарға нашақорлықтың қауіптілігін және оның адам өміріне тигізетін ауыр зардаптарын нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділік көбінесе жас адамдардың психологиялық әлсіздігімен, әлеуметтік қиындықтармен және дұрыс жолды таңдаудағы қателіктермен байланысты екені атап өтілді. Осы тұрғыда мәселені шешу тек медициналық көмекпен ғана емес, психологиялық және әлеуметтік қолдау арқылы жүзеге асуы керек.
Шара барысында жастарға салауатты өмір салтының маңыздылығы мен зиянды әдеттерден аулақ болу қажеттілігі ерекше назарға алынды. Қатысушылар, өз кезегінде, ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ міндет екендігін түсініп, пікір алмасты. Мұндай іс-шаралар жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу және қоғамға пайдалы азаматтарды қалыптастыру үшін аса маңызды. Есірткіге қарсы күрес тек мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың ғана емес, әрбір адамның ортақ міндеті болуы тиіс.
Кездесуде айтылғандай, жаны сау ұрпақ — жарқын болашақ кепілі. Әрбір адам өзінің жауапкершілігін түсініп, есірткімен күресте бірігуі керек. Нашақорлықпен күрес — баршамыздың ортақ міндетіміз! Сондықтан жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру, оларға салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтарын түсіндіру өте маңызды. Жиын соңында қатысушылар есірткіге қарсы күресте қоғамның бірлігі мен тұрақтылығының маңыздылығын тағы да атап өтті.
Comments