Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында елімізде G2C (азаматтарға арналған мемлекет) форматындағы цифрлық сервистер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеделдетіп, ашық әрі қолжетімді ете түсуде.
Электронды медициналық анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын цифрлық форматқа толық көшіру көлеңкелі экономиканы 7,5 млрд теңгеге қысқартуға және жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бюджет қаражатынан 450 млн теңге үнемделді. 1,5 млн қызмет түрі қамтылған телемедицина сервисі қашықтан кеңес беруге және диагностикалауға мүмкіндік берді. Бұл халықтың 13 млрд теңгеден астам қаржысын үнемдеді.
Балабақшалар мен мектептерге қабылдау цифрлық форматқа ауыстырылды. Процестің салыстырмалы жақсаруы 46%-ды құрады. Оқушының бір мектептен екінші мектепке ауысуына бұрын бес күн кететін, қазір бір күнде ауыса алады, бұл тиімділікті 66%-ға арттырды.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру енді жылдамырақ жүзеге асады. Автоматты іріктеу және цифрлық тарату мерзімдерді екі-үш айдан екі аптаға дейін қысқартты. Үнемдеу көлемі 119 млн теңгені құрады. Колледжге қабылдау да жеңілдетілді: онлайн өтінімдер мен жеңілдікті мәртебені автоматты түрде тексеру құжаттарды өңдеу мерзімін бес күннен отыз минутқа дейін қысқартты.
ЖОО-ға қабылдау және жатақханаға орналастыру онлайн түрде жүзеге асырылады, бірыңғай қызмет құжат тапсыруға, емханаға тіркелуге, әскери есепке тұруға және жатақханадан орын алуға мүмкіндік береді. ҰБТ электронды сертификатын енгізу бюджетті 83 млн теңгеге үнемдеуді қамтамасыз етті және азаматтардың 300 млн теңгеден астам үнемдеуіне мүмкіндік берді.
Жол-көлік оқиғасына қатысты еврохаттама рәсімі енгізілді: мобилді қызмет полицияның қатысуынсыз жазатайым оқиғаларды тіркеуге мүмкіндік береді. Сақтандыру төлемдері 40 күннің орнына 5 күнде төленеді, экономикалық тиімділік 516 млн теңгені құрап отыр.
Атқарушылық іс жүргізу автоматтандырылды: істер автоматты түрде қозғалады, хабарламалар SMS арқылы жіберіледі, жеке сот орындаушыларының қатысуы алынып тасталды. Бұл жыл сайын 2 млрд теңге көлемінде үнемдеуді қамтамасыз етуде.
Цифрлық нотариаттық сенімхатты бейнебайланыс арқылы алуға болады, бұл ресімделген құжаттардың санын едәуір арттырып, азаматтар үшін процесті жеңілдетті.
Қолдау көрсетудің атаулылығын арттыру үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Бірінші блок – 2369 мектепте тегін және жеңілдікпен тамақтандыру енгізілді, ал 3950 мектепте ыстық тамақты есепке алу үшін «Бизнес әмиян» жұмыс істейді.
«Біз әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізіп жатырмыз. «Әлеуметтік әмиян» жобасы тегін тамақпен қамтамасыз етуді қадағалауға, тіркеуді алып тастауға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл құрал еліміздің барлық мектебінде енгізіліп, кеңейтілуде», — деп толықтырды Жаслан Мәдиев.
Comments