«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды. Президент осы салада қол жеткізілген жетістіктерді еселей түсіп, «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын еліміздің экономикалық өсімін жеделдетудің негізгі тетігі ретінде қарастыра отырып, оларды барлық салаға енгізу жұмыстарын күшейтіп жатыр.
Елімізде салаларды цифрлық трансформациялау айтарлықтай нәтиже беруде
2021 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан ауқымды цифрлық трансформация аясында Қазақстан Республикасы министрліктерінде мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық кедергілерді азайтуға, сондай-ақ азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық шешімдер кешені енгізілді.
Бұл көлеңкелі экономикадан 28 млрд теңгеден астам қаражатты шығарып, 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Енгізілген шешімдердің жалпы тиімділігі 51,3 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 20 есеге қысқарды. Сыбайлас жемқорлық және әкімшілік кедергілер төмендеді.
Клиентке бағдарланған, ашықтық, тиімділік және барынша автоматтандыру қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың платформалық моделі енгізілуде. Қызмет көрсету процесінде азаматтың қатысуын барынша азайтатын проактивті қызмет көрсету механизмдері іске қосылды.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығы құрылды, сондай-ақ Цифрлық үкімет офисімен бірлесіп бизнес-процестерді реинжинирингтеу тәжірибесі енгізілді. Бұл тиімді шешімдерді талдауға, қайта жобалауға және ауқымдауға мүмкіндік береді.
«Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша топ он елге кіреді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ын онлайн алуға болады», — деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Comments