5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдер күніне орай Жетісу облысы, Қаратал аудандық кірістер басқармасының бас маманы, шешен ұлтының өкілі Хаджимуратов Альви Нурдыұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Альви Нурдыұлы, тілдер мерекесінің мәні жайлы ойыңызды білсек ?
– Бұл күн – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың тілін құрметтеудің, олардың мәдениетін сақтап, дәріптеудің мерекесі. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мұнда тілдер достығы, халықтар бірлігі айқын көрініс табады. Мен үшін бұл күн – ең әуелі қазақ тілін құрметтеу, оны ардақтау күні.
– Сіз шешен ұлтының өкілісіз. Ана тіліңізді сақтап отырсыз ба?
– Үйде, отбасымыздың арасында шешен тілінде сөйлейміз. Бұл – ата-бабамыздың аманаты. Ал қызмет бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілін кеңінен қолданамыз. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлеп, құжаттармен жұмыс істеймін.
– Қазақ тілін меңгеруде қиындықтар кездесті ме?
– Алғашында грамматикалық ерекшеліктерін түсіну оңай болған жоқ. Бірақ қазақ халқының кеңпейілділігі, әріптестерімнің қолдауы арқасында тез үйреніп кеттім.
– Мемлекеттік қызметтегі маман үшін тіл білу қаншалықты маңызды?
– Бұл – басты талаптың бірі. Халықпен қарым-қатынас жасауда, олардың өтінішін тыңдап, мәселесін шешуде мемлекеттік тілдің рөлі ерекше. Қазақ тілін меңгеру – тек міндет емес, ол – Отанға деген құрметтің белгісі.
– Жастарға тіл үйрену тұрғысында қандай кеңес бересіз?
– Ұялмай сөйлеу керек. Қателесу – үйренудің бір бөлігі. Қазақ тіліндегі әдебиеттерді оқу, ән тыңдау, фильм көру пайдалы. Ең бастысы – күнделікті өмірде көбірек қолдану. Сонда ғана тіл тез меңгеріледі.
– Әңгімеңізге рахмет!
– Сіздерге де алғыс айтамын. Барша қазақстандықтарды тілдер күнімен құттықтаймын. Халықтар достығы мен бірлігіміз мәңгі жасасын!
Қобланды АБЕНОВ
Comments