Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына арналған жаңа 9 ойын және спорт алаңшалары салынып, халық игілігіне берілді.
Осыған дейін қала басшысының халықпен кездесуінде тұрғындар тарапынан ойын алаңшаларын салу туралы ұсыныс-пікір айтылған болатын. Тұрғындардың шағымын ескере отырып, қажетті орындарда, атап айтқанда Қазақбақ, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде ойын алаңшалары, сондай-ақ Хақназар хан мен Ш.Ниязов көшелерінде футбол алаңшалары бой көтерді.
Құрылысы ағымдағы жылдың ақпан айында басталған алаңшалар бүгінде толық аяқталған. Барлық жұмыстар сапа стандарттары мен қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған.
Сонымен қатар, аумақтар абаттандырылып, жасыл желекпен көмкеріліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін инженерлік инфрақұрылым да қарастырылған.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласы аумағында жалпы 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы қолданыста.
Comments