Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Instagram парақшасында елімізде қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасына Шымкенттің ресми түрде қосылғанын хабарлады.
Жоба ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен іске қосылып отыр. Пилоттық өңірлер ретінде Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстары белгіленген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың кейінгі отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген болатын. Осы орайда қолға алынған жоба – ұлттың білім мен мәдениетке деген көзқарасын күшейтуге бағытталған.
Әкім өз жазбасында:
«Шымкент – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан қала. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің шаһарда жүзеге асуы – заңдылық. Кітап – тұлғаны қалыптастырып, ойды өсіретін құндылық. Әрбір шымкенттікті осы игі іске атсалысуға шақырамын», – деп жазды.
Жоба аясында келесі номинациялар бойынша байқау өтеді:
•«Кітап оқитын мектеп»
•«Кітап оқитын колледж»
•«Кітап оқитын университет»
•«Кітап оқитын педагог»
•«Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер»
•«Кітап оқитын әулет»
Барлық қатысушы 15 кітап оқып, өз санатына сай байқауға қатыса алады. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталады.
Жобаны «AMANAT» партиясы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асыруда.
Бас демеуші – ALAGEUM ELECTRIC компаниясы.
Байқау шарттары туралы толық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.
Comments