“Қайраттың” тарихи жеңісі
Футбол – тек ала доптың қуанышы ғана емес, ол халықтың намысын, рухын айшықтайтын ұлы дода. Міне, сондай сәттердің бірін қазақ футболының мақтанышы – алматылық “Қайрат” клубы сыйлады.
Шотландия жерінде өткен алғашқы ойында әйгілі “Селтикпен” тең түсіп, елге үміт отын жаққан жерлестеріміз Алматыда жанкүйер алдында ерлік көрсетті. Негізгі ойын 0:0 есебімен аяқталып, тағдырдың таразысы пенальти сериясына түсті. Сол сәт – нағыз жүрек сыналар, намыс таразыланар уақыт еді.
Осы шешуші шақта “Қайраттың” қақпашысы Темірлан Анарбековтің ерлігі тарихқа алтын әріппен жазылды. Ол үш бірдей қауіпті соққыны қайтарып, қақпасын қорғап қана қоймай, бүкіл елдің үмітін ақтап, намысын жықтырмады. Әр сейфінде жанкүйерлердің жүрегі бірге соғып, әр тоқтаған допта Қазақстанның арман-қуанышы тұрды.
Пенальти сериясы 3:2 есебімен “Қайраттың” пайдасына шешілді. Бұл тек жеңіс емес, қазақ футболының биікке ұмтылған рухының көрінісі болды. Әлем аренасында “Қайрат” өз есімін қайта жаңғыртып, Қазақстанның туын асқақтатты.
Бұл күн – тарих. Бұл жеңіс – ұрпаққа өнеге. “Қайрат” жеңісімен біз футболдың алаңында ғана емес, жүректерде де жеңгенімізді көрсеттік.
Жеңіс жолында – “Қайрат”! Жеңіс жолында – Қазақстан!
Қобланды АБЕНОВ
Comments