«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған жұмысшы топ бірқатар жекеменшік білім беру мекемелерін аралап, алдағы жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады. Жұмысшы топтың құрамында партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев және Еңбекші аудандық партия филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров болды. Аталған іс-шара аясында «Globus», «Megapolic» және «Зерек» бастауыш білім беру мекемелерінің техникалық және санитарлық жағдайы, сондай-ақ қауіпсіздік жүйесі тексерілді. Әсіресе, мектептердегі дабыл жүйесінің тиімділігіне ерекше назар аударылды. Тексеру барысында қауіп дабылы іске қосылып, күзет қызметінің оқиға орнына жету уақыты есептелді. Сынақ нәтижесінде мамандардың келу уақыты белгіленген межеден кешіккені анықталды. «Бұл мектеп болған соң, қауіпсіздік шараларына айрықша көңіл бөлінуі керек. Жаман айтпай жақсы жоқ. Өмір болған соң аяқасты түрлі оқиға орын алуы мүмкін, соған сақадай сай болуымыз қажет. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты ширата түсуге шақырамын», – деді Мұрат Жолдыхожаев. Сонымен қатар, өрт сөндіру құралдарының жарамдылық мерзімінің өтіп кеткені, медициналық қызмет көрсету бөлмелеріндегі дәрі-дәрмектердің де ескіруі секілді бірқатар кемшіліктер тіркелді. Мұрат Жолдыхожаев бұл олқылықтарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық жоюды тапсырды. Егер кемшіліктер уақытылы реттелмесе, тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.
Жұмысшы топ мектептердегі оқу процессінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды шараларды қолға алды. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық деңгейін көрсетіп, аталған мәселелердің дер кезінде шешілуі қажеттілігін дәлелдеді. Мұрат Жолдыхожаев және партия өкілдері білім беру мекемелерінің сапасын арттыру, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, мектептердегі қауіпсіздік шаралары мен медициналық қызметтерді жүйелі түрде тексеріп, әрқашан жаңартып отыру қажеттігіне назар аударылды.
Comments