Қазақстан Республикасының Ата Заңының 30 жылдық мерейтойына орай, Діни бірлестіктердің басшылары Клубының кезекті отырысы өтті. Жиынға шаһардағы дін өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Шараға қатысқан Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев еліміздегі діни тұрақтылық пен келісімді сақтауда дін өкілдерінің еңбегі мол екенін атап өтті.
— Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Ата Заңымыздағы осы қағидалар – мемлекетіміздің зайырлы сипатының айқын белгісі. Сіздердің елімізде діни тұрақтылық пен келісімді, сондай-ақ толеранттылықты сақтаудағы еңбектеріңіз жоғары бағаланады. Ортақ мақсатымыз – әлеуметтік бейбітшілікті, ұлттар мен діндер арасындағы өзара сыйластықты, төзімділікті және түсіністікті сақтау әрі нығайту. Осы орайда, Конституциядағы негізгі қағидаларды берік ұстанып, бірлігімізді одан әрі бекемдеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
2025 жыл – қазақ халқының ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толатын мерейтой жылы. Бұл – ұлттық сананы жаңғыртудың, рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызды кезеңі. Абай мерейтойы тек елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары деңгейде аталып өтуде.
Қала әкімдігі тарапынан мерейтойға орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, Абай мұрасының маңызы мен қазіргі заманмен үндестігі теологтар тарапынан кеңінен насихатталуда, — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба тек экологиялық мәдениетті қалыптастыруды ғана емес, патриотизмді, отансүйгіштікті, этнос пен дінге қарамастан бір-біріне құрметпен қарауды, толеранттылықты арттыруды және ұлттық құндылықтарды сақтауды көздейді.
Comments