ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы қаладағы Момынов көшесінде салынып жатқан теміржол өткелі құрылысының барысымен танысты. Стратегиялық маңызға ие теміржол өткелінің құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сай атқарылуда.
Мердігер мекеме «Корпорация Береке А» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтап, көлік қозғалысына ашуды жоспарлап отыр. Жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде. Бұл нысан қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жыл басында Болатбек Нажметдинұлы тұрғындармен кездесуде көптен бері шешімін таппай келген жобаға тиісті қаржы бөлінгенін, бұл орайда қала әкімдігі белсенді жұмыс атқарғанын атап өткен еді. Осы аумақта теміржол өткелін салу қала тұрғындарын толғандырған күрделі мәселе еді. Қала әкімдігі Момынов және Тіленшин көшесі бойындағы темір жол өткелінің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындады. Парламентте де тиісті жұмыстар атқарылды. Уақыт сәтімен екі жобаға да қаржы бөлінді. Теміржол байланысының ұлғаюы себепті бұл жердегі кептелістер одан сайын арта түспек. Жоспарға сай, теміржол өткелдері 2025-2026 жылы іске қосылуы тиіс.
Мәжіліс депутаты құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын, мердігерге заманауи материалдарды қолдану қажет екенін айтты. Қазіргі заманауи талаптар, жаңа идеялар да ескерілуі тиіс.
Жобаның жалпы құны – 7,3 миллиард теңге. Оның ішінде 2025 жылға жоспарланған 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда тіреуіш темірбетон конструкциялар мен көпір балкалары орнатылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр.
Сондай-ақ, халық қалаулысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, азаматтардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
Comments