Жаңалықтар

Мәдениет және ақпарат министрі Шымкентте жергілікті қауыммен кездесті

Шымкент қаласына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, сондай-ақ шығармашыл жастармен жүздесті.
Кездесуде еліміздің ақпарат кеңістігін дамыту, БАҚ-тың қазіргі жағдайы, медиа саласындағы жаңашылдықтар, жасанды интеллектіні қолдану, ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ мәдениет пен кино саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Министр Президент реформалары аясында іске асырылып жатқан бастамалар және министрлік құзыретіндегі барлық бағыттар бойынша кешенді баяндама жасады.
Жиында бүгінгі қазақ киносының жай-күйі де көтерілді. Аида Балаеваның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес министрлік жанынан арнайы сараптамалық топ құрылып, отандық фильмдердің идеологиялық мазмұнына сараптама жасалады.
–Бұл — цензура емес, керісінше, қоғамның сұранысына сай, тәрбиелік мәні жоғары туындылардың көбірек шығуына ықпал ететін қадам. Кино – көрерменге, әсіресе жастарға, тікелей әсер ететін қуатты құрал. Бүгінгі жасөспірімдер экрандағы кейіпкерлерге еліктейтінін ескерсек, олардың бойында патриоттық сезім мен ізгі құндылықтарды қалыптастыратын образдар жасау аса маңызды. Сондықтан алдағы уақытта министрлік мақұлдаған, сапасы мен мазмұны талапқа сай фильмдер ғана прокатқа шығарылады. Қазақ баласына үлгі боларлық жаңа кейіпкерлер өмірге келеді деп сенеміз, — деді министр.
Сондай-ақ министр 2025 жылғы 17 наурыздан бастап «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енгенін еске салды. Жаңа ережеге сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың қоғаммен маңызды ақпаратты қалай бөлісетінін қадағалайды.
Тексеру қашықтан жүргізіледі — мамандар мекемелерге бармай-ақ, құжаттар мен ресми интернет-ресурстар арқылы талдау жасайды. Тоқсанына бір рет органдардың заң талаптарын сақтау деңгейі бағаланып, қажет жағдайда ескерту жолданады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Кездесу барысында қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға енгізілетін өзгерістер мәселесі де көтерілді. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын реттеу тетіктері талқыланды.
«Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Заңның тиімді әрі сапалы болуы үшін баршамыздың атсалысуымыз маңызды», – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, Аида Балаева жергілікті жұртшылықты толғандырған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

В рамках акции «Таза Қазақстан» проведены работы по очистке берега реки Қошқар Ата

Алдыңғы

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ТЕМІРЖОЛ ӨТКЕЛІ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *