Жаңалықтар

Ваучерлік жүйе: кәсіпкерлер мен жауапты органдар түйткілді мәселелерді талқылады

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің отырысы өтті.

Палата директоры Сабира Адамбекованың модераторлығымен өткен жиынға Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев, қалалық әкімдік басқармаларының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Кеңес отырысында көрсетілетін білім беру қызметін алушылар бойынша дербестендірілген қаржыландыруды ескере отырып, балаларға арналған қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жоба талқыланды.

Қазіргі таңда бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру жүйесіндегі пилоттық жүйе Астана және Шымкент қалаларында енгізіліп отыр, осыған орай жергілікті атқарушы орган өкілдері жаңа жүйенің тетіктерін толығырақ түсіндіріп берді.

«Кәсіпкерлермен кездесулер нәтижесінде, қызмет жеткізушілердің уәждері ескеріле отырып, қаулыға өзгерістер енгізілуде. Мысалы, ғимараттағы бала санына шақталған душ саны азайтылды, кәсіпкерлердің басқа да тілек-талаптары ескерілуде. Аты аталып тұрғандай – бұл пилоттық жоба. Ең бастысы – барлығы балалардың денсаулығы, білімі үшін жүзеге асырылып жатыр. Тарифке де қатысты соны айтуға болады. Жалпы, қосымша білім беруге бөлінген қаражат мөлшері азайған жоқ. Тек оқитын, үйренетін балалардың қатарына бұрын болмаған санаттар қосылды, яғни, сол қаржының бір бөлігі ерекше күтімді қажет ететін балаларға да арнайы бөлініп отыр», – деп түсіндірді Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Ермек Дәрменов.

Жиында кәсіпкерлер көптеген тауар мен қызмет құнының қымбаттағанын айтып, шығындары артып жатқанын, үйірмелерді жүргізуге едәуір қаржы құйғанын жеткізді, осыған орай ваучердегі тариф құны айлық-есептік көрсеткішке байланыстырылса деген ұсыныстарын айтты.

«Қала әкімінің орынбасарының қатысуымен өткен жиында сіздер айтқан талаптар, ұсыныстар (мысалы, бөлменің биіктігі) қабылданып, қаулыға өзгерістер енгізілуде. Тарифке келер болсақ, базалық норматив ретінде 15 мың теңге қарастырылған. Ол өзгерген жоқ. Алдағы уақытта бұл тариф айлық-есептік көрсеткішке байластырылуы мүмкін», – деді Бағлан Үмбетбаев.

Кәсіпкерлер, сонымен қатар, көрсетілген қызметке аударылатын қаржыны кешіктірмеуді сұрады. Жергілікті атқарушы орган өкілдері «Қаржы орталығы» АҚ өкілдерімен жиын өткенін айтып, қаржыны мерзімінде аудару бойынша барынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жиынды қорытындылай келе Сабира Адамбекова жоба пилоттық болғандықтан, оны іске асыру барысында туындайтын сұрақтар мен ұсыныстар тиісті уәкілетті органдар назарына жеткізілетінін мәлімдеді.

СІБІР ЖАРАСЫ – САҚТЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕТІН ҚАУІПТІ ІНДЕТ

Алдыңғы

Ваучерная система: предприниматели и представители госорганов обсудили вопросы и предложения

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *