Ветеринария саласының негізгі миссиясы – адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алып, еліміздегі ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз және жоспарлы түрде жүргізіледі. Соның ішінде, әсіресе аса қауіпті жұқпалы ауру – сібір жарасына қарсы күреске ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сібір жарасы – адам мен жануарға ортақ антропозоонозды жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ уақыт, тіпті жүз жылға дейін сақтала алады. Бұл бактериялар топырақта спора түзіп, сыртқы физикалық-химиялық әсерлерге төтеп бере алады. Сондықтан да бұрынғы індет ошағы болған аймақтар – яғни сібір жарасы көмінділері, адам өмірі мен денсаулығы үшін әлі де қауіпті болып қала береді.
Шымкент қаласы аумағында 8 сібір жарасы көміндісі тіркелген. Барлығы да топографиялық картаға енгізіліп, арнайы бетон қоршаумен қоршалған, биіктігі 1,5 метр, ені 5 шаршы метр. Белгі ретінде «Сібір жарасы» деген ескерту жазуы орнатылған. Ең бастысы – бұл ошақтардың барлығы жер асты су көздерінен және су қорғау аймақтарынан алыс орналасқан. Қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Қазіргі таңда қалада эпизоотиялық ахуал тұрақты. Жыл сайын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің тапсырмасымен Шымкентте 16 аса қауіпті ауруға қарсы профилактикалық егу және зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
2025 жылдың жоспарына сәйкес, қала бойынша 177 350 ауыл шаруашылығы жануары сібір жарасына қарсы егілуі тиіс болса, алғашқы 7 айдың қорытындысы бойынша 91 536 бас мал егілген. Бұл жоспардың толық орындалуын көрсетеді.
Тұрғындарға ұсынылатын сақтық шаралары:
* Белгісіз немесе ауру малдарды байқаған жағдайда ветеринар мамандарға хабарлау;
* Шикі етпен жұмыс істегенде қорғаныш құралдарын (қолғап, алжапқыш) қолдану;
* Жеке тұлғалардан мал өнімдерін сатып алмау, тек ветеринарлық бақылаудан өткен орындарды таңдау;
* Терідегі жаралар, бөртпелер немесе жалпы әлсіздік байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну;
* Мал көметін арнайы аймақтарда мал бағуға немесе егін шаруашылығымен айналысуға тыйым салынатыны ескертіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау және ветеринариялық қызметтер аурудың алдын алу бойынша бақылау жұмыстарын жалғастыруда. Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және тексерілмеген мал өнімдерін пайдаланбауға шақырады.
Comments