Шымкент қаласында «Достық» үйінде ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай «Әр азаматқа — заңдық көмек!» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шарада қаладағы белгілі нотариус, заңгерлер, және басқарма өкілдері тұрғындарға құқықтық кеңес берді.
Шымкент қаласы Әділет департаменті ұйымдастырған акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауатын арттыру, азаматтардың даулы мәселелерін шешуге көмек көрсету және әділет саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру.
Акция барысында кәсіби заңгерлер, адвокаттар және басқа да мамандар қала тұрғындарына отбасылық, еңбек, мүліктік сипаттағы мәселелер бойынша тегін кеңестер берді. Олар даулы мәселелерді шешудің жолдарын түсіндіріп, заң тұрғысынан нақты бағыт-бағдар ұсынды.
Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова өз сөзінде, азаматтар көбінесе сот орындаушыларға қатысты мәселелермен жүгінетінін атап өтті. Ол сондай-ақ, Әділет министрлігі тарапынан цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жаңа тетіктер іске қосылып жатқанын мәлімдеді.
Қалада ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай заңгерлер, адвокаттар, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің мүшелері мен медиаторлар түрлі мекемелерде ашық есік күндерін өткізіп, азаматтарға құқықтық көмек көрсету шараларын жалғастыруда.
Бұл акциялар азаматтарға құқықтық сауаттылықтарын арттыру, заңды құқықтарын қорғау және шешім қабылдауда нақты көмек ұсыну мақсатында әрі қарай да ұйымдастырылмақ. Әрі қоғамның құқықтық мәдениетін көтеріп, азаматтар арасында заңды білу мен оны дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар арқылы әрбір тұрғынның заңға деген сенімін арттыру және құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады.
Құқықтық көмек көрсету акциялары тек азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сондай-ақ оларды өз құқықтарын қорғауға ынталандырады. Мұндай іс-шаралар халықтың әділет органдарына деген сенімін нығайтып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету үшін маңызды алаң болып табылады. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар қалада әрі қарай жалғасып, кеңейтілген форматта өткізіліп, әрбір тұрғынға құқықтық көмек көрсету мүмкіндігін арттыруға бағытталады.
Comments