Абайдың өлеңдері сахна төрінде жаңғырып, залды терең толғанысқа бөледі. Көрермен ұлы ойшылдың өмір жолын бейнелеген әсерлі көріністің куәсі болды. “Абай әлемі” республикалық байқауының қорытынды кеші дәл осылай – Абай рухымен басталды.
Ұлы ойшылдың әдеби-рухани мұрасын дәріптеп, халықтың таным көкжиегін кеңейту, көркем әдебиетке құштарлықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңі 1 маусым мен 15 шілде аралығында өткен болатын.
Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек хакім Абайдың қазақ руханиятындағы орны мен жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі маңызын айрықша атап өтті.
— Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп бекер айтпаған. Бұл байқау – сол қасиеттерді бойына дарытқан дарынды жастардың талантын танытатын үлкен алаң, – деді ол.
Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Абай әлемі» байқауы – Абай мұрасын насихаттаудың жарқын үлгісі. 2023 жылы ХҚТУ аға оқытушысы Мақсат Айтжанов, 2024 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің баспасөз хатшысы, абайтанушы Әзімхан Исабек жеңімпаз атанған болатын. Биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 18-35 жас аралығындағы 117 үміткер қатысып, оның ішінен іріктелген 26 жас талант финалға жолдама алды.
Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан жиналған жас дарындар Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқып, өмірі мен шығармашылығына қатысты тың зерттеулерін ұсынды.
Сахнада Абайдың сырлы әндері шырқалып, залды мөлдір әуен мен терең ойдың арнасына бөледі. Көрермендер ұлы мұраның құдіретіне қанығып, бір сәтке болсын Абай дәуірінің рухын сезінді.
Байқау мәресіне жетіп, сахнада жеңімпаздардың есімдері салтанатты түрде жарияланды. Қатысушылардың арасынан шын жүйріктер ғана оза шапты. Соның ішінде 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжан шеберлігімен де, жігерімен де ерекшеленіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ол 1 миллион теңгелік ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал Батыс Қазақстан өңірінен келген Азат Мыңбаев тамаша өнерімен көпшілікті тәнті етіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Оның жүлдесі – 700 мың теңге. Осылайша, байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мерейі үстем, көрерменнің көңілі көтеріңкі күйде тарқасты.
Comments