Шымкент қаласында қоршаған ортаның жағдайы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналды. Қаланың атмосфералық ауасының ластануы, тұрғындардан түсетін шағымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық тәртіпті сақтау деңгейі — барлығы Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің күнделікті бақылауындағы жұмыстар.
Экология департаменті – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізумен айналысады. Департаменттің күнделікті жұмысының басым бөлігі — қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қарауға бағытталған.
Алайда тұрғын үй секторларындағы бірқатар мәселелер кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтындықтан, заңды негізде тексеріс жүргізу мүмкін емес. Мұндай жағдайда департамент түсіндіру жұмыстарымен шектеледі.
2025 жылдың 6 айындағы экологиялық қадағалау қорытындылары
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент:
• 19 тексеру жүргізген (оның ішінде 6 – профилактикалық, 2 – сәйкестік, 11 – жоспардан тыс).
• 19 нұсқама берілген.
• 34 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 23,5 млн теңге айыппұл салынған. Оның 23 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Елеулі істер:
• 3 заңды тұлға бойынша «Жерді бүлдіру» дерегімен іс қозғалғанымен, қылмыстық құрам болмағандықтан, олар Экология департаментіне қайтарылып, 8,86 млн теңге айыппұл салынды.
• 4 жеке тұлға жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 33 мың теңге айыппұл төлеген.
• Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасарына санитарлық талапты бұзғаны үшін 29 490 теңге айыппұл салынған.
• «Аэрапорт Шымкент» АҚ – 553 мың теңге айыппұл.
Қаланың экологиялық заңнамасын өрескел бұзған бірнеше кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылды:
• «СинЮанСТИЛЬ» ЖШС – рұқсатсыз қосымша ластау көзі қосып, тазалау құрылғысыз жұмыс істеген.
• HILL ЖШС – 1,96 млн теңге айыппұл және 2325960 теңге өсімпұл, қызметі 1 айға тоқтатылды.
• «Гермес-Б.Е.» ЖШС – 786 400 теңге айыппұл, 3 айға тоқтатылды.
• ЖК Хабибулла Нематулла – 393 200 теңге айыппұл, 1 айға тоқтатылды.
2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (55 іс, 171 млн теңге айыппұл), тексеріс саны азайғанымен, нақты шаралар мен тиімділік арта түскені байқалады
Comments