Шымкент қаласында биыл «Shymkent Creative Hub» орталығы ашылып, креативті индустрияны қолдауға бағытталған жаңа жобалардың қатарына қосылды. Шығармашылықты дамытуға арналған бұл кеңістікте түрлі үйірмелер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қаланың мәдени өмірін байыта түсуде. Орталықтың бірі – белгілі кәсіби суретші Айман Тельходжаеваның шығармашылық үйірмесі.
Айман Тельходжаева – көптеген байқаулардың жүлдегері, өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретші. ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай, ол шәкірттеріне зергерлік бұйымдарға эпоксидті шайырды қолдану арқылы шеберлік сабағын өткізді. Оның қарамағында 10-нан астам шәкірт өнерін шыңдап, білім алып жүр. Шебер түрлі қолөнер бұйымдарын ағаштан, керамикадан, эпоксидті шайырдан жасап, өзінің шығармашылығын дамыта отырып, жастармен бірге әртүрлі байқауларға қатысып келеді. Қаладағы қолөнер және суретшілер көрмелеріне тұрақты қатысып, өзінің ерекше шығармашылығымен танылып жүр.
Айта кетсек, Ата заңымыздың 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шеберлік сағатында шәкірттері эпоксидті шайырды қолдана отырып, қазақы нақышта әшекей бұйымдар жасады. Әрбір жас суретшінің шығармашылығына деген қызығушылығы мен қабілеті өте жоғары деңгейде. Олардың шығармаларының негізінде ұлттық дәстүрлер мен заманауи өнердің үйлесімін көруге болады.
Бұл жаңа орталық шығармашылықпен айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби дамуына, идеяларын жүзеге асыруына және табыс көзін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Мұнда қолөнершілер, зергерлер, суретшілер, дизайнерлер мен контент-мейкерлер бірлесіп жұмыс істейді. Олар өз өнімдерін көрсету, сату, тәжірибе алмасу және шығармашылық жобаларды дамыту үшін барлық жағдайға ие.
Қазіргі таңда хабта этностильдегі бұйымдар, құрақ құрау, зергерлік өнімдер, заманауи сән мен қолөнер бағыттарында түрлі шеберлік сағаттары, фестивальдер, сән көрсетілімдері мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл шаралар шығармашылық индустрияның дамуына ықпал етіп, жастардың жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашады.
Comments