Шымкент қаласында энзоотиялық аурулардың таралуының алдын алу мақсатында дезинфекциялық жұмыстардың кезекті кезеңі басталды. Іс-шаралар «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Ұлттық сараптама орталығы» Шымкент қалалық филиалының бірлесуімен жүзеге асырылуда.
Аталған профилактикалық жұмыстарға 18 білікті дезинфектор маман және 6 арнайы техника бірлігі жұмылдырылған. Жұмыстардың ауқымы бұрынғыдан да кеңейтіліп, қала аумағында инфекциялардың таралуына жол бермеу мақсатында барлық қажетті шаралар қолға алынған. Кенелер мен басқа да зиянды жәндіктердің көбеюіне тосқауыл қою мақсатында келесі бағыттарда залалсыздандыру шаралары жүргізілуде:
152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларына арнайы сертификатталған препараттармен бүрку және тоғыту жұмыстары;
2,3 млн шаршы метр қора-жайлар мен буферлік аумақтарды;
2,3 млн шаршы метр көлемінде саябақтар мен гүлзарларды өңдеу.
Бұдан басқа, қаладағы көпшілік орындарында да профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі, бұл әсіресе халық тығыз шоғырланатын жерлерде қауіпті аурулардың таралуын болдырмауға септігін тигізеді. Айта кету керек, бұл жұмыстар тек ауыл шаруашылығы жануарлары бар үйлер мен арнайы қора-жайларға тегін, яғни бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Залалсыздандырудың тиімділігі тазалыққа тікелей байланысты. Осыған орай, қала тұрғындарына қора-жайларын алдын ала механикалық тазалауды жүргізіп, қоқыстан арылтуды ұсынамыз. Қоршаған ортаның тазалығы мен гигиенаның сақталуы қаладағы эпидемиологиялық ахуалды жақсартуға оң ықпал етеді. Бұл дезинфекция жұмыстарының нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша сақтық шараларын сақтау қажеттігі ескертіледі. Ескертпе ретінде, осы аурудың таралуының алдын алу үшін жергілікті ветеринарлар тұрғындарға кеңес беріп, оларды жағдайға бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған ауру адамға кене шағу немесе қанға тойған кененің қаны теріге, шырышты қабықтарға тиген жағдайда жұғуы мүмкін. Сондықтан малдарды қырқу, кенелерді жою кезінде жеке қорғаныс құралдарын қолдану ұсынылады.
Қала әкімдігі мен жергілікті органдар бұл жұмыстардың нәтижелі жүргізілуі үшін барлық күш-жігерін салып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі түрде жұмыс істеуде.
Comments