Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Ата Заңым – Айбарым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына Шымкент қаласының прокуратурасы басқармасының прокуроры Берік Құрбанов және Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Асқар Мырзахмет қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары Конституцияның мазмұны мен құрылымына, оның құқықтық мемлекет құрудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөліне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, заңнаманы білудің қоғам тұрақтылығы мен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңыздылығы атап өтілді.
Дөңгелек үстелдің маңыздылығы – жастарға заңды білу мен оны дұрыс қолданудың негіздерін үйрету ғана емес, сонымен қатар оларды құқықтық мәдениетке баулу болып табылады. Мұндай шаралар қоғамда құқықтық сананы қалыптастыруға және әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.
Құқықтық білімнің қоғамдағы ролі ерекше. Бұл жастарды заңға құрметпен қарауға, өз құқықтарын қорғауға және міндеттерін дұрыс орындауға тәрбиелеуге ықпал етеді. Құқықтық мәдениеттің қалыптасуы – елімізде құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Іс-шара еркін пікір алмасу форматында өтті. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, құқық қорғау саласы өкілдері өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Шара соңында қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және құқықтық нормаларды құрметтеу – қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің кепілі екендігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Конституция – әрбір мемлекеттің негізі болып табылатын құжат, ол қоғамның даму бағытын айқындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясы елдегі барлық заңдардың басты негізі болып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Конституцияға деген құрмет пен оны білу – әр азаматтың өз құқығын қорғауға, қоғамда тәртіп орнатуға, әрі құқықтық мемлекет құруға қосқан үлесі болып саналады.
Comments