Шымкентте медициналық қызметтің сапасы артып келеді. Бұл – мемлекет тапсырысы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімді жүзеге асуының нәтижесі. Бүгінде тұрғындар үшін тегін медициналық көмекке қолжетімділік артып, медициналық мекемелер заманауи құралдармен жабдықталып, жоғары технологиялық оталар саны көбейген. Жуырда өткен баспасөз туры аясында тілшілер МӘМС шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен және заңнамадағы жаңашылдықтармен танысты.
Баспасөз турының алғашқы бағыты – №1 Қалалық клиникалық аурухана. Бұл мекеме – Шымкент қаласы мен оған жақын аудандардың тұрғындарына тәулік бойы мамандандырылған және жоспарлы, шұғыл медициналық көмек көрсететін көп бейінді стационар. Аурухана 530 төсек-орынға лайықталған, құрамында доценттер, медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары және бірінші санатты тәжірибелі дәрігерлер қызмет етеді. Заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтары, соның ішінде «Arkau innovation» ангиографиялық құрылғысы, ауруларды ерте анықтап, жоғары дәлдіктегі араласулар жүргізуге мүмкіндік береді.
Аурухана базасында жүкті және босанған әйелдерге арналған мамандандырылған хирургиялық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, панкреатодуоденальды резекциялар, бауыр және өт жолдарына, асқазан-ішек жүйесіне, жамбас буындарына, тізе және жамбас сүйектеріне күрделі оталар жасалады.
Ерекше атап өтерлік жаңалық – ангиографиялық операциялық блоктың ашылуы. Philips Azurion 7 B20 ангиографиялық жүйесі орнатылған бұл бөлме – диагностика мен емдеуді ең жоғары деңгейге көтерген заманауи орталық. Жүйе арқылы ми тамырларының операциялары, инсульт кезінде шұғыл араласу және нейрохирургиялық оталар қауіпсіз әрі дәл жүргізіледі. Бұл құрылғының құны 995 млн теңгеден асады. Сондай-ақ, аурухана базасында МӘМС аясында 100-ге жуық буын ауыстыру операциясы сәтті жасалған. Бұл – бұрын қозғалыс мүмкіндігінен айырылған азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік берді. Буындарға қолданылатын эндопротездер – АҚШ-та өндірілген сапалы медициналық өнімдер. Бір операцияның құны 1,5 млн теңгеден асады. Ал, бұл ота МӘМС бойынша тегін жасалынған.
Бұл аурухана трансплантология саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Мамандар өз бетінше бүйрек пен бауыр трансплантацияларын жүргізіп, науқастарға екінші өмір сыйлауда. Қазірге дейін бүйрек трансплантациясы бойынша 237, бауыр бойынша 32 ота жасалған. Барлық ота сәтті өтті дейді мамандар.
– Бүйрек пен бауырда жиналған тастарды ешқандай хирургиялық араласусыз алу бүгінде мүмкін болып отыр. Бұл — қазіргі заманғы литотриптор аппаратының көмегімен жүзеге асады. Бүгінге дейін аталған құрылғы арқылы жүздеген сәтті процедура жасалды. Емделушілер тек Шымкент қаласынан ғана емес, Тараз, Қызылорда, Алматы, Астана, Қостанай мен Көкшетау секілді өңірлерден де келіп, оң нәтижеге қол жеткізуде. Себебі литотриптор тастың тығыздығы (Hounsfield бірлігімен өлшенетін) мен көлеміне қарай дәл жұмыс істейді. 1500–1800 HU тығыздықтағы және 1,5–2 см көлемдегі тастарды тиімді ұсатуға қабілетті мұндай жоғары дәлдіктегі құрылғы елімізде тек осы ауруханада қолжетімді,-дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Comments