Жаңалықтар

«ТАЗА БЕЙСЕНБІ» — ТАЗАЛЫҚҚА ЕМЕС, САНАҒА ҮНДЕУ

Сұхбаттасқан: Несіпбергенов Марлен Айдарханұлы, «Amanat» партиясы Жетісу облысы, Қаратал ауданы филиалының консультантты

— Марлен Айдарханұлы, елімізде қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясының маңыздылығын қалай бағалар едіңіз? Бұл бастаманың негізгі мақсаты не?

— Бұл — жай ғана сенбілік емес, ел азаматтарының экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған ауқымды қозғалыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын негізге ала отырып, «Amanat» партиясы әр бейсенбіде осы экологиялық акцияны өткізуді қолға алды. Мақсат — қоршаған ортаны таза ұстауға үндеу ғана емес, халықтың экологиялық ойлау жүйесін өзгерту. Бүгінгі қоғамда тазалық — сана мен мәдениеттің өлшеміне айналуы тиіс.

— Қаратал ауданында бұл акция қалай жүзеге асып жатыр? Қандай нақты жұмыстар атқарылуда?

— Қаратал ауданы бойынша біз «Таза бейсенбіні» тұрақты әрі жүйелі түрде өткізіп келеміз. Бұл тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтерде де өтеді. Акцияға мемлекеттік мекемелер, мектептер, колледж ұжымдары, жастар ресурстық орталығы, еріктілер мен белсенді тұрғындар жұмылдырылып келеді. Қоқыс жиналады, ағаштар отырғызылады, қоғамдық орындар мен жол жиектері тазаланады. Әсіресе, жастар мен оқушылардың белсенділігі көңіл қуантады.

— Халықтың бұл бастамаға деген көзқарасы қандай? Қатысу деңгейі қалай?

— Алғашында тек мекеме қызметкерлері мен еріктілер қатысса, қазір аудан тұрғындары өз еркімен қосылып жатыр. Тіпті кейбір ауылдарда тұрғындар өздері бірігіп, үйлерінің айналасын, көшелерін тазалап, үлгі көрсетуде. Бұл — біздің мақсатымыздың бір бөлігі: әр адамның бойында табиғатқа деген жанашырлықты ояту.

— «Таза бейсенбі» акциясының алдағы уақытта қалай дамитынын көресіз? Болашағы қандай?

— Бұл бір күндік шара емес. Бұл — ұзақ мерзімді, тұрақты жалғасатын экологиялық мәдениетті қалыптастыру процесі. Болашақта бұл бастаманы экологиялық білім беру, ағартушылық, жастар жобаларымен ұштастыра отырып кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, еріктілер қозғалысын қолдау бағытында да жұмыс жүргізіледі.

— Соңғы сауал. Тұрғындарға қандай үндеу айтасыз?

— Әр бейсенбі — табиғатқа деген құрметіміздің нақты көрінісі болуы керек. Мен барша Қаратал жұртшылығын «Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл — өзіміз үшін, балаларымыз үшін, келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан іс.

— Уақытыңызды бөліп, ашық пікір білдіргеніңіз үшін рахмет!

— Рахмет сіздерге де! Таза қоршаған ортаны қалыптастыру— баршамызға ортақ міндет.

Қобланды АБЕНОВ

Jastar Fest Шымкентте: Жастар күні белсенді шымкенттіктерге арналған жаңа гранттар мен байқауларға жол ашты

Алдыңғы

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРҒА САЙ ЖҮРУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *