“Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында бүгін Шымкент қаласында ауқымды тазалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Әл-Фараби ауданының Қошқар Ата өзенінің бас жағында жүргізілген кезекті тазалық жұмыстары қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды. Аудандық “Таза өлке” мекемесінің учаске қызметкерлері Қошқар Ата өзені бойындағы күл-қоқысты арылтып, шөптерді орып, аяқжолдарды тазалау сынды жұмыстарды атқарды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қалада экологиялық ахуалды жақсарту үшін өзендер мен табиғи су көздерінің бойында тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қошқар ата өзенінің бойы көктем мен күз айларында апта сайын, ал жаз айларында аптасына екі рет тазаланады. Бұл шаралардың тұрақты өткізілуі қала тұрғындарының қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Қалада осындай сенбіліктердің жиі өткізілуі экологиялық мәдениеттің нығайып келе жатқанын дәлелдейді, – дейді “Қошқар ата” учаскесінің басшысы Бауыржан Егенбайұлы.
Кезекті тазалық іс-шарасы барысында өзеннің бас жағы толықтай тазаланып, су жолы бойындағы қоқыстардан арылтылды. Бұл тек экологиялық тазалықты қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары үшін таза әрі ыңғайлы орта қалыптастырудың маңызды бөлігі болып табылады. Өз кезегінде, тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асырып жатқан мамандар табиғатты қорғаудағы өз үлестерін қосып отыр.
Іс-шара одан әрі жалғасады және қаланың өзен, бұлақтары мен табиғи су көздерінің бойындағы тазалыққа ерекше назар аударылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қала көркейіп, табиғатқа деген құрмет пен қамқорлықты арттыру мақсатында экологиялық мәдениет нығая түседі.
“Таза Қазақстан” бағдарламасы еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға арналған ауқымды шаралар жиынтығы болып табылады. Бұл бағдарлама әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды мақсат етеді. Тазалық акциялары мен экологиялық шаралар қалаларда, ауылдарда тұрақты түрде ұйымдастырылып, еліміздің табиғи ресурстарын сақтап қалуға үлес қосып жатыр. Осы бағдарлама аясында Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін түрлі акциялар мен сенбіліктер өткізілуде, бұл шаралардың бәрі тұрғындардың белсенділігін арттырып, табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін тереңдетуде.













Comments