«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ғимаратында қызметкерлерге сейсмикалық жағдайларда іс-қимыл жасау дағдыларын үйрету мақсатында оқу-жаттығу өткізілді. Сейсмикалық оқу-жаттығуға Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты мен қалалық білім басқармасының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында сейсмикалық қауіп туындаған жағдайда адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шараларды дұрыс ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шараның басты мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жедел әрекет ету қабілеттерін арттыру болды.
Оқу-жаттығу барысында апат аймағынан эвакуациялаудың теориялық және практикалық дағдылары пысықталып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кездегі қызметкерлердің өзара іс-қимыл деңгейі қамтылды. Қатысушылар сейсмикалық қауіп төнген жағдайда қандай әрекет жасау керектігі жөнінде нақты нұсқаулықтар алды.
Сонымен қатар, жаттығу кезінде эвакуациялық жолдарды тиімді пайдалану, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және байланыс құралдарын дұрыс қолдану тәжірибелері де қарастырылды. Арнайы жасақталған мамандардың көмегімен практикалық бөлім барысында нақты жағдайға ұқсас көріністер қойылып, қатысушылар сол сценарий бойынша әрекет етті.
Жаттығу нәтижесінде қызметкерлер төтенше жағдайға дайын болу, сабыр сақтай отырып нақты шешім қабылдау, бірлесіп әрекет ету сынды маңызды қабілеттерін шыңдады. Мұндай оқу-жаттығулар азаматтық қорғау жүйесін жетілдіруде маңызды рөл атқарады. Осы арқылы төтенше жағдайлар кезінде тұрғындар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің дайындығы артып, қауіпсіздік мәдениеті қалыптасады. Бұндай іс-шаралар тек қана теориямен шектелмей, шынайы тәжірибеге негізделген әрекеттер арқылы қауіп-қатерлерге қарсы тұру тетіктерін тиімді игеруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Шымкентте «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
Оқу-жаттығу ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камаловтың басшылығымен өткізілуде. Екі күн ішінде жаттығуға қатысушылар төтенше жағдайлар кезіндегі жедел қызметтердің өзара іс-қимылы мен үйлестірудің тәжірибелік дағдыларын пысықтайды. Бұл кезеңде қатысушы мекемелер мен ұйымдар арасында байланыс орнату, ақпарат алмасу, және шұғыл шешімдер қабылдау жолдары сынақтан өтеді.
Comments