Шымкентте егін алқабының 90%-ы жиналды.
Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, бидайдың әр гектарынан 10 центнерге дейін астық алынып, қамбаға құйылды. Ал майлы дақылдар жылдағыға қарағанда мол өнім бергені байқалады. Шаруалардың айтуынша, мақсары ерте көктемде ылғал тартып, тез тамыр жайған.
Қала аумағында барлығы 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығының өнімі егілді. Алқаптың басым бөлігіне арпа, бидай, мал азығы мен майлы дақылдар себілген. Жалпы егістіктің 90% жиналды.
Биыл аптап ыстыққа байланысты өңір шаруалары егінге ерте орақ салды. Алқаптарда өнімді жиып-теру үшін техникалар тоқтаусыз жүріп тұр. Басты мақсат ала жаздай еткен еңбекті ысырапсыз шашау шығармай жинап алу, — дейді олар.
Қамысбай Тойшыбеков шаруа қожалығындағы 820 гектар жерге орақ салды. Айтуынша биыл бидайдың өнімділігі төмен болғанымен мақсары маңдай терді ақтаған. Майлы дақылға ішкі нарықтан бөлек Өзбекстан, Қытай мемлекеттерінен сұраныс көп. Сондықтан алдағы егін маусымында алқапты кеңейтпек ниетте.
Қамысбай Тойшыбеков, шаруа:
— Бұдан бұрындары да еккенбіз. Ол кезде бізде 4-5-6 центнерден беретін. Ал биылдыққа жаман емес шүкір. 10 центнердің үстінде айналып жатыр. Біз енді бұны жас ұрықтың, элита ұрықтың пайдасы осы деп отырмыз. Ал бидайдың бағасын көреміз қанша болатынын.
Биыл өңірге тиесілі егістік жерлер 5 мың гектарға кеміді. Сондықтан өнім көлемі жылдағыдан азайып, барлығы 81 мың тонна астық жинау жоспарланды. Осыған байланысты шаруаларға дәнді дақылдың жоғары сұрыптары ұсынылып жатыр. Ол үшін мемлекеттен субсидия төленіп, жеңілдетілген дизель отыны бөлінеді.
Сағдат Маханов, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
— Биылғы жылдың ауа райына байланысты дәнді-дақылдарымыз шамалы аздау шығуы мүмкін. Бірақ орнына басқа дақылдармен ауыстырылады деп күтілуде. Одан бөлек бізде қала аумағындағы жердің басым бөлігі қазіргі уақытта жол құрылысы, тұрғын үйге алынып жатыр.
Шымкентте егістік жерлердің салықтық мөлшерлемесі төмендетілді. Кодекске енгізілген өзгерістердің арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әр гектар үшін бұрынғыдай 45 мың емес, мың теңге төлейтін болды. Үкімет деңгейінде қаралған қожалық иелерін қолдау шаралары келесі жылдан бастап күшіне енеді.

Comments