Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, қалалық партия фракциясының мүшесі Абзал Зейнетаев жақында Құрсай шағын ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде, сондай-ақ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері де қатысып, жергілікті мәселелерді талқылады.
Жиында бірінші болып айтылған мәселе — Аққыстау көшесінде орналасқан «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не тиесілі трансформаторды қауіпсіз орынға көшіру туралы болды. Бұл проблема тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне кедергі келтіріп отырған еді. Сала мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда Аққыстау көшесінің II кезеңі бойынша жол құрылысы жүріп жатқандықтан, трансформаторды көшіру жұмыстары келесі аптада басталады деп жоспарланған. Бұл жұмыстар көше бойындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, электрмен жабдықтауды тұрақтандыруға көмектеседі.
Кездесу барысында тағы бір өзекті мәселе талқыланды — №56 бағыттағы қоғамдық көліктің маршрутының өзгеруі. Тұрғындар көліктің осы көшеден өтіп, олардың өміріне ыңғайлы болуы үшін ұсыныс білдірді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері бұл мәселені қабылдап, зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Нәтижесінде, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады.
Абзал Зейнетаев депутат ретінде өз сөзінде тұрғындардың көтерген мәселелерінің барлығы назардан тыс қалмайтынын, әрбір ұсыныстың заң аясында қаралатынын айтты. Ол бұған дейін де жергілікті билік органдары мен кәсіпорындармен бірлесіп, халықтың талаптарын орындауға күш салатынын жеткізді.
Бұл кездесу — халықтың мұқтаждықтарына құлақ асудың және тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін бірлескен жұмыстың маңызды көрінісі болып табылады.
Comments