Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясының өңірлік өкілдерімен онлайн форматта семинар өткізді. ZOOM-конференцияға еліміздің барлық аймағындағы партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.
Шымкент қаласынан жиынға «AMANAT» партиясы қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов, қалалық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев және бірқатар мәслихат депутаттары қосылды.
Семинар барысында тұрғын үй қорын басқару, саяжай кооперативтері және жергілікті өзін-өзі басқару салаларындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер кеңінен сөз болды. Екатерина Смышляева 2025 жылдың 30 маусымында Мемлекет басшысы қол қойған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген түзетулердің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзгерістерді азаматтарға түсіндіру – маңызды міндеттердің бірі.
«Біз бұл заңнаманы «Біздің қала» жобасы аясында халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуіміз керек», – деді депутат.
Жаңартылған заң үш негізгі бағытты қамтиды:
• Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық),
• Саяжай кооперативтерінің мәртебесін нақтылау,
• Ауылдар мен кенттердегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру.
«Біздің қала» – азаматтарды күнделікті өмірге тікелей әсер ететін шешімдерге қатыстыруды көздейтін жоба. Қазіргі таңда тұрғындардың саяси белсенділігі төмен, ал тұрғын үй, саяжай және жергілікті басқару салаларында шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Осы жоба арқылы партия қоғаммен байланысты күшейтіп, халықты шешім қабылдау процесіне кеңінен тартуға ниетті.
Жоба аясында әр аймақта тұрғындармен кездесулер өтіп, олардың ұсыныстары мен пікірлері жиналады. Басқару жүйесінің ашықтығы артып, азаматтар тарифтерді бекіту, қаржыны бақылау, заң жобаларына әсер ету сияқты маңызды мәселелерге тікелей қатыса алады.
Comments