Шымкент қаласында халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. 2025 жылдың алғашқы айларында қалада сақтандырылмағандар саны 329 870 адам болса, бүгінгі таңда бес айдың ішінде бұл көрсеткіш 56 925 адамға азайды. Бұл маңызды нәтижелер жүйелі ақпараттық жұмыстардың және салааралық өзара іс-қимылдың айқын көрінісі болып табылады. Қала әкімдігі мен денсаулық сақтау мекемелері сақтандырылмаған тұрғындармен жедел әрі жүйелі жұмыс жүргізуде, олардың санын одан әрі қысқарту мақсатында барлық қажетті шараларды қолға алуда.
Соңғы ресми деректерге сәйкес, Шымкент қаласының жалпы халқының саны – 1 271 228 адам. Оның ішінде 1 033 736 адам немесе 81,3%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған, ал 237 492 адам (18,7%) әлі де сақтандырылмағандар қатарында. Бұл – денсаулық сақтау саласының маңызды мәселесі болып қалып отыр. Осыған байланысты, мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әсіресе осал әлеуметтік топтарға медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджеттен төлеу қажеттігін нақты тапсырды. Бұл шешім әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және медициналық көмекке қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Қала әкімдігі бұл бағытта белсенді жұмыс жасап, халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын арттыру мақсатында көптеген ақпараттық түсіндіру және насихаттау шараларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, тұрғындардың өз мәртебесін анықтап, жүйеге қосылу процесін жеңілдету үшін арнайы қызметтер ұйымдастырылуда. 2025 жылғы 18 маусымнан бастап жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 6 434 адам сақтандырылды, бұл көрсеткіш алдағы айларда да өседі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау – бұл ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы әрі адами капитал сапасының негізі. Сондықтан медициналық сақтандыру жүйесінің кеңеюі мен барлық тұрғынның оған тартылуы – әлеуметтік тұрақтылық пен елдің дамуының маңызды шарты болып табылады. Қала билігі мен денсаулық сақтау саласының мамандары халықпен ашық әрі тиімді диалог орнатып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмысын жалғастыруда.
Бұдан бөлек, сақтандыру жүйесіне қатыспаған тұрғындарды анықтау және оларды жүйеге тарту үшін әртүрлі арнайы акциялар мен ақпараттық науқандар өткізіліп, әрбір азаматтың мәселесіне жеке көңіл бөлініп отыр. Осылайша, жүйелі және үйлесімді әрекеттер арқылы Шымкент қаласында медициналық сақтандыруға қатысушылардың саны әрі қарай арта береді деп күтілуде.
Comments