Елімізде 1 тамыздан бастап ұлттық ауылшаруашылығы санағы басталады. Бұл санақ – елдің аграрлық секторы туралы өзекті және сенімді ақпарат жинауға бағытталған стратегиялық статистикалық шара. Санақ нәтижелері ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін қажет.
Іс-шараны ұйымдастыру жөніндегі шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қабылдаған. Санақ мерзімі аграрлық маусымның ерекшеліктері ескеріліп таңдалды.
Санақ деректері ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігі мен өндірістік әлеуетін бағалауға, сонымен қатар су, жер және басқа да табиғи ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Санаққа дайындық 1,5 жыл бұрын басталды: Үкіметтік деңгейде арнайы комиссия құрылып, нормативтік-құқықтық база бекітілді, орталық және жергілікті органдар жұмылдырылды. Сонымен бірге, Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия елдерімен халықаралық кеңестер өткізіліп, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының әдістемесі негізге алынды. 2023 жылы Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Ақжар тұрғын алабында пилоттық санақ өткізіліп, ақпараттық жүйелер мен әдістемелік құралдар сынақтан өтті.
Пилоттық кезең барысында деректерді жинау, өңдеу және қорғау бойынша техникалық тетіктер жетілдіріліп, интервьюерлердің жұмысы автоматтандырылған құралдармен қамтылды.
Бұған дейін Қазақстанда мұндай санақ тек 2006–2007 жылдары өткен. Енді 2025 жылы өсімдік, мал және балық шаруашылығы бір мезгілде қамтылады.
Сауалнамада егістік көлемі, мал мен құстың саны, техника паркі, суармалы жерлер, еңбек ресурстары, өндірістік инфрақұрылым сынды деректер жинақталады.
Санаққа барлық шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысуға міндетті. Бұл – тек статистикалық есеп емес, бүкіл ел үшін маңызды ұлттық бастама.
Санақ нәтижесінде алынатын мәліметтер мемлекеттік бағдарламаларды дәл әрі нақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мен инфрақұрылымдық жобаларды тиімді іске асыруға негіз болады.
Comments