Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК БАҒЫТТАРЫН ЖАҢАРТУ

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету үшін 82 бағыт бойынша күн сайын 984 автобус қызмет көрсетеді. Осы автобустардың ішіндегі 845-і заманауи салқындатқыш жүйесімен жабдықталған, ал қалған 139 автобус зауыттан салқындатқыш жүйесіз шыққан немесе ол жүйе жұмыс істемейді. Тұрғындардан қоғамдық көліктердегі салқындатқыштардың жиі өшуі туралы жиі шағымдар келіп түсуде, бұл мәселе әсіресе жаз айларында қала тұрғындары үшін өзекті болып отыр.

Салқындатқыш жүйелерінің істен шығуы негізінен кейбір автобустардың отын ретінде сығымдалған газ-метанды (метан) пайдалануымен байланысты. Қала аумағында газбен жүретін автобустарға қызмет көрсететін екі газ толтыру компрессорлық станциясы (АГНКС) бар. Алайда қолданыстағы екі станция барлық автобустарды толық көлемде және үздіксіз жанармаймен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл өз кезегінде кейбір бағыттарда газды үнемдеу мақсатында жүргізушілердің салқындатқыш жүйелерін уақытша өшіруге мәжбүр болуына әкеледі.

Сонымен қатар, жолаушылар тарапынан да салқындатқыштың жұмысына қатысты ерекше талаптар бар. Мысалы, кейбір егде жастағы азаматтар салқындатқышты өшіруді сұрап, автобус ішіндегі терезелерді ашық ұстауды жөн көреді. Бұл да салқындатқыш жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Осы мәселелерді шешу үшін «Shymkent Bus» бірлескен кәсіпорнының базасында үшінші газ толтыру компрессорлық станциясын салу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа станцияның 2025 жылдың тамыз айында іске қосылуы жоспарланып отыр. Бұл құрылыс қаладағы газбен жүретін автобустарға жанармай жеткізуді қамтамасыз етіп, олардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде салқындатқыш жүйелерінің жұмысында да тұрақтылық орнайды деп күтілуде.

Сонымен қатар, қалада техникалық жағынан ескірген автобустардың саны аз емес. Мысалы, пайдалануға берілгеніне 5 жылдан асқан «Ankai» маркалы шамамен 300 автобус қызмет көрсетуде. Бұл көліктердің кейбірінде техникалық ақаулар жиі кездеседі және олар тасымалдау қызметінің сапасына кері әсер етеді. Осыған байланысты тасымалдаушы мекемелермен жасалған келісімшарттарда автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту міндеттемесі қарастырылған. Бұл жоспар аясында 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 200 жаңа автобусты сатып алу жоспарлануда.

Жаңа автобустардың келуі тек салқындатқыш жүйесінің мәселесін шешіп қана қоймай, техникалық ақауларға байланысты жиі тоқтап қалатын ескі көліктерді алмастыру арқылы қоғамдық көлік қызметінің сапасын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жаңартылған автопарк экологиялық талаптарға сай болып, қала ауасының ластану деңгейін төмендетуге де ықпал етеді. Барлық осы шаралар Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік жүйесін қолжетімді әрі ыңғайлы етуге бағытталған.

Қала әкімдігі тұрғындарға қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсарту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды және қоғамдық көлікті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. Алдағы уақытта жаңа автобустардың іске қосылуы, жанармаймен қамтамасыз ету жүйесінің жақсаруы және техникалық қызмет көрсету сапасының артуы арқасында қаладағы қоғамдық көлік саласы қарқынды дамитынына сенім мол.

ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕУГЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Алдыңғы

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЗЕРДЕЛЕУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *