Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен «Рухани келісім – тұрақтылық негізі» тақырыбында дін өкілдерімен кездесу өтті. Аталған жиын ел бірлігі мен рухани тұтастықты сақтау, дін мен мемлекет арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында аудан аумағындағы мешіттердің заңдастыру жұмыстарының нәтижесі жарияланды. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының заңды мекенжайының Алматы қаласынан Астана қаласына ауыстырылуына байланысты, Сауран ауданындағы барлығы 37 мешіттің құжаттары толықтай жаңартылып, қайта рәсімделді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, толығымен аяқталғаны хабарланды.
Қазіргі таңда Сауран ауданында ҚМДБ филиалы ретінде 37 мешіт жұмыс істейді. Аудан басшысы мешіттердің заңдастырылу жұмыстарына белсенді атсалысқан бірқатар дін қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыс етті. Бұл қадам дін өкілдерінің қоғамдағы рөлін айқындап, ынтымақтастықты нығайта түспек.
Кездесу соңында сұрақ-жауап пен ұсыныс-пікірлер тыңдалып, дін өкілдерімен өзара байланыс пен серіктестікті нығайтуға бағытталған нақты жоспарлар жасалатыны айтылды.
Аудан әкімі кездесуге арнайы уақыт бөліп қатысқан дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да елдің рухани дамуына бағытталған бастамаларды бірге жүзеге асыруға шақырды.
Comments