Әл-Фараби ауданы — Шымкент қаласының ең ірі және тығыз қоныстанған аймақтарының бірі. Бүгінде ауданның аумағы 19 880 гектарды, ал тұрғындарының саны 234 мыңнан астам адамды құрайды. Мұнда 928 көпқабатты тұрғын үй мен 16 633 жеке тұрғын үй орналасқан, жалпы 623 ауланы қамтиды. Осы аумақтағы қоғамдық кеңістіктер – 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ – тұрғындардың демалысы мен әлеуметтік өмірін қамтамасыз етеді.
Балалар мен жастардың денсаулығы мен дамуына бағытталған ойын және спорт алаңдарын дамыту Әл-Фараби ауданында үнемі назарда. 2023 жылға дейін аудан аумағында 42 ашық спорт алаңшасы салынған болса, қазіргі таңда 108 ашық спорт алаңшасы тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қызмет етуде. Соның ішінде 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Береке шағынауданындағы 276 орам мен Жангелдин көшесі №14 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.
Соңғы жылдары аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің бірлескен күштері арқасында 30-дан астам жаңа балалар ойын алаңшалары мен бірнеше спорт кешені пайдалануға берілді. Әрбір алаң баланың жас ерекшеліктеріне қарай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл — ауданның балалар үшін қауіпсіз және қолайлы ортаны қалыптастырудағы маңызды қадамы.
2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 66 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға, балалар ойын алаңшаларын орнатуға және 4 ашық спорт алаңшасын салуға 1,7 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 66 балалар ойын алаңы мен 4 спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл қарқынды жұмыс 2024 жылдың соңына дейін аумақтардың 78,3%-ын қамтуға мүмкіндік береді, ал 2025-2026 жылдары бұл көрсеткіш 100%-ға жетпек.
2025 жылы аудан аумағында тағы 33 жаңа балалар ойын алаңшасы мен кешенді спорт алаңдарының ашылуы жоспарланған. Оның ішінде Сәуле шағынауданындағы кешенді спорт алаңы арнайы спорт құралдарымен жабдықталып, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Мұндай нысандардың ашылуы аудан тұрғындары үшін салауатты өмір салтын қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Аудандағы ойын және спорт алаңдарының көбісі Күншығыс, Сайрам, Теріскей шағын аудандарында және негізгі көшелер бойында орналастырылып, тұрғындардың салауатты өмір салтын қолдап, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасайды. Бұл шаралар жергілікті тұрғындар тарапынан жоғары баға алып, балалардың ашық ауада қауіпсіз ойнауына мүмкіндік береді.
Салыстырмалы түрде қарағанда, 2023 және 2024–2025 жылдардағы шаралар ауданның спорттық инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартады. Алдыңғы кезеңдегі спорт алаңдарының санын едәуір арттырумен қатар, жаңа жобалар балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық құралдар мен жабдықтар сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл көрсеткіштер аудандағы балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуға, олардың спортқа деген ынтасын арттыруға бағытталған тұрақты әрі жүйелі саясаттың айқын көрінісі.
Жалпы, Әл-Фараби ауданының спорттық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыстар алдағы жылдары да белсенді түрде жалғасып, аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға үлес қосатыны сөзсіз.
Comments