Әл-Фараби ауданында гүлзарлар мен демалыс орындарын жаңарту жұмыстары соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алды. 2024 жылы аудан аумағында тұрғындар игілігіне үш жаңа гүлзар мен демалыс орны берілді. Солардың ішіндегі ең үлкені – Шымкент май зауыты (МЖК) аумағындағы Есіл және Камал көшелерінің арасындағы көне саябақтың қайта жаңғыртылуы. Бұл саябақ жарты гектардан астам аумақты алып, оған 2000-нан астам тұрғын үнемі келіп демалатын жерге айналды. Мұнда заманауи спорттық және ойын құрылғылары орнатылып, баскетбол алаңшасы, балаларға арналған ойын және спорт құралдары, теннис пен шахмат үстелдері тұрғындардың сүйікті орнына айналды.
Сонымен қатар, Ә.Диваев көшесінде 0,31 гектар аумақта орналасқан жаңа гүлзарда шынар мен каштан ағаштарының көшеттері отырғызылып, сәндік гүлдер көптеп егілді. Мұнда 20 көпқабатты тұрғын үй мен 3300 адам тұрады. Гүлзар аумағында мәрмәрдан жасалған кең аяқжолдар салынып, екі велотұрақ, ауызсу бұрқағы және фотоаймақтар жасақталды. Бұл демалыс аймағы тұрғындар мен қала қонақтарының демалуына қолайлы әрі тартымды орынға айналды.
Сондай-ақ, С.Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа гүлзар 0,2 гектар аумақты қамтиды. Мұнда ескі субұрқақ пен көпір күрделі жөндеуден өтіп, канал аумағы қоршалды. Көпжылдық гүлдер отырғызылған бұл орында 15 көпқабатты үйдің 2700-ден астам тұрғыны үшін демалыс аймағы ретінде қолайлы жағдай жасалды.
Аудандағы демалыс орындарын дамыту жұмыстары 2025 жылы да жалғасын табады. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін екі жаңа демалыс орны ашылады, оған демеушілер тарту мәселесі белсенді түрде шешілуде. Сонымен қатар, балалар мен спортпен шұғылданатын тұрғындар үшін ойын және спорт алаңшалары да көбейеді. Биыл 33 жаңа балалар ойын алаңшасы және Сәуле шағынауданында кешенді спорт алаңы орнатылмақ. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын дамытуға ықпал етеді.
Аудан әкімдігі тұрғындарға жайлы әрі тартымды орта қалыптастыруды басты назарға алып, көгалдандыру және абаттандыру шараларын ұдайы жалғастыруда. Гүлзарлар мен демалыс орындарының жаңартылуы тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттырып қана қоймай, қаланың көркін ашуға, жасыл желекті кеңейтуге және экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Осылайша, Әл-Фараби ауданының тұрғындары үшін сапалы әрі жайлы демалыс ортасын жасауға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Comments