Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен көшпелі кездесуінде Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары газ мәселесі бойынша шағымданған еді. Тұрғындардың кейбірі әлі күнге дейін үйін табиғи газ жүйесіне қоса алмағанын мәлімдеді. Қала әкімі бірден жауапты басқарма мамандары мен аудан әкімдігіне зерделеу жүргізіп, мәселені шешуді тапсырды.
Жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде тұрғын үйлерді табиғи газбен қамту бойынша бірқатар мүмкіндік бар екені анықталды.
Қазіргі таңда Қайнарбұлақ саяжай алабында магистралды газ құбырының желісі жүргізіліп, жұмыс толығымен аяқталған. Тұрғындар үшін үй ішілік (ішкі) газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде 2300-ден астам абонент табиғи газ жүйесіне қосылып үлгерді.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің қызыл сызық шегінде орналасуына байланысты техникалық паспорт рәсімдей алмай жүрген азаматтарға Абай ауданы әкімінің аппараты тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, газға қосылу мүмкіндігін жеңілдету мақсатында техникалық паспорты жоқ тұрғын үйлерге арнайы 7-нысанды анықтама (форма-7) беріліп жатыр. Бұл анықтама тұрғындарға газға қосылу рәсімін жүргізуге заңды негіз береді.
Осылайша, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Қайнарбұлақ тұрғындарына табиғи газға қосылу бағытында нақты жағдай жасалып, қолжетімді мүмкіндіктер ұсынылып жатыр.
Comments