Жетісу облысында орман өрттерінің алдын алу және орман шаруашылығын дамыту жұмыстары күшейтілген тәртіпте жүргізілуде. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен қоғамдық кеңестердің бірлескен отырысында айтылды.
Жиында өртке қауіпті кезеңге дайындық, орман алқаптарын кеңейту және зиянкестерге қарсы күрес мәселелері талқыланды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Алтынбековтің мәліметінше, өңірде 115 ерікті өртке қарсы құралым мен 49 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Қызметте 2 мыңнан астам маман мен 798 техника бірлігі бар. 2025 жылға дейін 3328 шақырым минералды жолақтарға күтім жасау жоспарланған, оның 118 шақырымы орындалды.
Сондай-ақ, келер жылы орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 780 млн теңге бөлінеді. Бұл шара техникалық жарақтандыру деңгейін 84%-дан 96%-ға дейін арттырады.
Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Шынар Мейрманованың айтуынша, облыстағы мемлекеттік орман қоры 1,5 млн гектардан асады. Оның 334,9 мың гектары – орманмен қамтылған аумақ.
Өрттің алдын алу мақсатында 18 тұрақты бақылау посты жұмыс істейді. Ал «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында орман алқаптарын 10,1 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. 2025 жылы 3365 гектар жерге орман отырғызу көзделіп отыр: оның 193,5 гектарына 712,5 мың дана көшет отырғызылып, 3172 гектарға 14,2 тонна қара сексеуіл тұқымы себіледі.
Comments