Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға аудандық білім бөлімі, құқық қорғау және денсаулық сақтау салалары, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралып, өзекті мәселелер талқыланды. Комиссия мүшелері жасөспірімдер арасында кездесетін тәртіп бұзушылықтардың себеп-салдарына тоқталып, олардың алдын алу бойынша тиісті шараларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндама жасап, 2025 жылдың 26 мамыры мен 13 маусымы аралығында аудан мектептерінде 1–4 сынып оқушыларына арналған сауықтыру алаңшалары жұмыс істегенін, оларға 4511 бала толық қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Түлкібас ауданындағы «Отырар» жазғы сауықтыру лагеріне 8 ауысыммен 1050 баланы қамту жоспарланғанын жеткізді.
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары Батырбек Махатов суға шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Есепті мерзім ішінде ювеналды полиция тобы 135 кездесу өткізіп, оқушыларға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Жиын қорытындысы бойынша сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, қараусыз және қадағалаусыз жүрген балаларды анықтау, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңсыз автокөлік басқаруына жол бермеу мақсатында ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Comments