Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы қолға алынған. Мәселен бүгін Түркістан облысына қарасты, Төлеби ауданында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем кубогының жеңімпазы және бразилиялық джиу-джитсудан екі дүркін Азия чемпионы, ережесіз жекпе-жектерден халықаралық турнирдің жеңімпазы, белгілі қазақ MMA файтері (11–5 рекорд), ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Арман Оспанов қатысты.
Біркөлік аймағында ұйымдастырылған тазалық шарасына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған 100-ден астам мемлекеттік қызметкер мен жергілікті тұрғындар атсалысты. Шара аясында 12 шақырым аумақ қоқыстан тазартылып, 6 арнайы техника көмегімен қалдықтар белгіленген орынға жеткізілді.
Сенбілік барысында демалыс аумағындағы қоқыстар жиналып, өзен жағалаулары, жол жиегі тазартылды. Шара барысында сөз алған әлем чемпионы мен аудан әкімі табиғат – баршаға ортақ байлық екенін атап өтіп, тұрғындарды экологиялық мәдениетті арттыруға және тазалықты сақтауға шақырды.
Comments